Банктердің экономиканы кредиттеу көлемі бір айда 1,9%-ға ұлғайып, 2020 жылғы тамыздың соңында 14 193,0 млрд теңге болды. Заңды тұлғаларға берілген кредиттердің көлемі 2,2%-ға 7 288,5 млрд теңгеге дейін, жеке тұлғаларға – 1,5%-ға 6 904,5 млрд теңгеге дейін ұлғайды.
Ұлттық валютамен кредиттердің көлемі бір айда 2,1%-ға 11 986,4 млрд теңгеге дейін ұлғайды. Олардың құрылымында заңды тұлғаларға берілген кредиттер 2,8%-ға, жеке тұлғаларға – 1,6%-ға ұлғайды. Шетел валютасымен кредиттер көлемі 0,6%-ға 2 206,6 млрд теңгеге дейін ұлғайды. Олардың құрылымында заңды тұлғаларға берілген кредиттер 0,7%-ға ұлғайды, жеке тұлғаларға – 1,7%-ға азайды. Теңгемен кредиттердің үлес салмағы 2020 жылғы тамыздың соңында 84,5%-ды (2019 жылғы желтоқсанда – 83,4%-ды) құрады.
Ұзақ мерзімді кредиттердің көлемі бір айда 2,3%-ға 12 195,8 млрд теңгеге дейін ұлғайды, қысқа мерзімді кредиттердің көлемі 0,6%-ға 1 997,3 млрд теңгеге дейін азайды.
Шағын кәсіпкерлік субъектілерін кредиттеу 2020 жылғы тамызда 2,5%-ға 2 230,6 млрд теңгеге (экономикаға кредиттердің жалпы көлемінің 15,7%-ы) дейін ұлғайды.
Салалар бойынша бөлуде банктердің экономикаға кредиттерінің қомақты сомасы өнеркәсіп (жалпы көлемдегі үлесі – 14,0%), сауда (11,6%), құрылыс (4,9%) және көлік (3,6%) сияқты салаларға тиесілі.
2020 жылғы тамызда банктік емес заңды тұлғаларға ұлттық валютамен берілген кредиттер бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 11,9% (2019 жылғы тамызда – 11,9%), жеке тұлғаларға – 17,1% (18,8%) болды.