Қазақстан ұялы байланыс операторларының бірін Қазақтелекомнан шығарайын деп жатыр, деп хабарлайды LS.
Tele2 және Kcell кіретін Қазақтелеком тобының отандық телекоммуникация нарығындағы рөлі тым үлкен. Тұрақты сегментте қосылған абоненттер саны бойынша ұлттық компанияның үлесі 70%-ға жетсе, ұялы байланыс сегментінде 60%-дан асады.
«Осыған байланысты нарықтағы монополияны жою аясында Қазақтелеком компаниялар тобындағы ұялы байланыс операторларының бірін (Kcell) шығару шаралары жүргізілуде», - деп түсіндірді министрлік.
Компанияны Қазақтелекомнан Самұрық-Қазына қоры шығарады, ал министрлік тиісті көмекті көрсетеді.
«Ұялы байланыс операторларының бірін бәсекелестік ортаға шығару арқылы телекоммуникация саласын монополиясыздандыру Қазақстанның телекоммуникация нарығындағы бәсекелестікті түбегейлі күшейту және ол үкіметтің бірінші кезектегі іс-шаралар жоспарына енгізілген», - деді министрлік.