Қазақстанда 1 млн-нан астам бизнесмен бар. Олардың барлығы дерлік орташа жалақыдан төмен табыс табады.
Статистика бюросы 2021 жылғы халық санағының қорытындысы бойынша халықтың кірісі туралы мәліметтерді жариялады. Сондай-ақ қазақстандықтардың күнкөріс көзін қайдан алатыны туралы да мәліметтер бар.
Елде шамамен 1 млн 75 мың адам, яғни халықтың 5,6%-ы өз кәсібімен күн көретіні белгілі болды.
Кәсіпкерлердің бестен бір бөлігі Алматы қаласы мен Алматы облысында тұрады.
Жалпы кәсіпкерлердің 53%-ы ерлер, 47%-ы әйелдер.
Бизнесменнің бәрін бай деп ойласаңыз, қателесесіз. Кәсіпкерлердің 81%-ның айлық табысы 250 мың теңгеден аспайды. Ал елдегі орташа жалақы 2021 жылы 275,6 мың теңге болған.
Кәсіпкерлердің 0,08%-ы айына 1 млн-нан көп табады. Ал жалақысы 1 млн теңгеден асатын қызметкерлердің үлесі 0,09%. Яғни, кәсіпкерден гөрі жалдамалы жұмысшы болып 1 млн теңгеден көп жалақы алу ықтималдығы жоғары.
Естеріңізге сала кетейік, таяуда Қазақстанда неше адамның 1 млн теңгеден көп жалақы алатынын жариялаған едік.