Kazakhmys Copper компаниясы «Қазақмыс» корпорациясының 99,9% үлесін $1,18 млрд-қа сатқан. Бұл шамамен 595,3 млрд теңге. Компанияның қаржылық есебінде мәміленің құны мен есеп айырысу тәртібі көрсетілген.
Мәміле 2025 жылғы 5 желтоқсанда Qazaq Acquisition Corp. Ltd. компаниясымен жасалған. Ол АХҚО-да тіркелген.
2025 жылдың қарашасында мәміле бойынша 10,6 млрд теңге, ал желтоқсанда тағы 51,1 млрд теңге аванс төленген.
29 желтоқсанда Kazakhmys Copper «Қазақмыс» корпорациясына бақылауын толық жоғалтты. Сол кездегі сатып алушының берешегі 533,6 млрд теңге болған. Оның 2025 жылғы 31 желтоқсандағы әділ құны 531,5 млрд теңге, яғни шамамен $1 млрд болды.
Алайда мәміле бойынша жалпы өтемақы 595,3 млрд теңгені құрады. Оның құрамына сатып алушының міндеттемесі мен бұрын төленген аванстар кірді.
Осының нәтижесінде Kazakhmys Copper 416,9 млрд теңге көлемінде инвестицияны сатудан табыс тапты. Сатылған инвестицияның баланстық құны 178,4 млрд теңге болған.
Kazakhmys Copper қанша пайда тапты?
2025 жылдың қорытындысы бойынша Kazakhmys Copper-дің таза пайдасы 811,8 млрд теңгеге жетті. Бір жыл бұрын компания шығынмен жұмыс істеген.
Пайданың едәуір бөлігі «Қазақмысты» сатудан түскен табысқа байланысты.
Сонымен қатар «Қазақмыс» корпорациясы 399,4 млрд теңге дивиденд төлеуі тиіс болған. Алайда бұл соманың басым бөлігі іс жүзінде Kazakhmys Copper-ге ақша түрінде түспеген.
Дивидендтер компаниялар арасындағы бұрынғы қарыздарды өзара есепке алу үшін пайдаланылған. Соның нәтижесінде Kazakhmys Copper нақты алған дивиденд көлемі небәрі 773 млн теңге болды.
Атап айтқанда, байланысты компаниялардың «Қазақмыс» алдындағы 393,4 млрд теңге қарызы болған. Бірнеше мәміле нәтижесінде бұл міндеттемені өтеу Kazakhmys Copper-ге өткен. Кейін дивидендтер осы қарызды жабуға есептелді.
«Қазақмыстың» жаңа иесі
2025 жылғы 29 желтоқсанда Kazakhmys Copper «Қазақмыс» корпорациясына бақылауын тоқтатты. Ал 2026 жылы Qazaq Acquisition Corp. Ltd. Kazakhmys Copper алдындағы мәміле бойынша берешекті толық өтеді.
Бұған дейін Kazakhmys Copper-дің 100%-ы Нидерландта тіркелген KCC B.V. компаниясына тиесілі болған.
2025 жылғы 25 желтоқсанда Kazakhmys Copper-ді АХҚО-да тіркелген KCC Copper Limited сатып алды. Оның түпкілікті иесі — Kazakhmys Holding Limited.
2025 жылдың соңындағы дерек бойынша Kazakhmys Holding Limited компаниясының акционерлері:
Владимир Ким — 70%;
Эдуард Огай — 30%.