Қазақстан 2027–2029 жылдары бюджет тапшылығын қаржыландыру үшін сыртқы нарықтан қарыз тартуы мүмкін. Бұл туралы Құрылтайдағы баспасөз мәслихатында Қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлы мәлімдеді.
Оның айтуынша, Қаржы министрлігі қазіргі уақытта сыртқы нарықтардан қаражат тартудың түрлі мүмкіндіктерін қарастырып жатыр.
«Қазір сыртқы қарыздарды тарту үшін барынша тиімді шарттарға қол жеткізуге тырысып жатырмыз», – деді вице-министр.
Сонымен қатар бюджет тапшылығын қаржыландырудағы негізгі көз ішкі қарыз нарығы болып қала береді. Қазіргі құрылым бойынша мемлекеттік қарыздың 77%-ы ішкі нарыққа, ал 23%-ы сыртқы қарыздарға тиесілі.
Министрлік қарыз алу туралы шешім қабылдағанда қаражат көлемімен қатар оның шарттарына да назар аудармақ. Атап айтқанда, қарыздың құны, өтеу мерзімі және төлем кестесі ескеріледі.
Осылайша, алдағы үш жылда бюджет тапшылығын қаржыландыруда ішкі қарыз негізгі рөл атқарғанымен, тиімді шарттар болған жағдайда Қазақстан сырттан да тартуы мүмкін.