Оралдағы әскери кеме шығаратын Зенит зауыты жекеге сатылады

Оралдағы «Зенит» зауытының 100% акциясын сатылымға шығарылды. Нысанның бастапқы бағасы – 18,49 млрд теңге.

Мемлекеттік активті «Қазақстан инжиниринг» ұлттық компаниясы саудаға қойды. Аукцион 24 қыркүйекте Sauda.kz порталында өтеді.

2025 жылы «Зениттің» өнім сатудан түскен кірісі 9,96 млрд теңгеге жетті. Бұл 2024 жылғы көрсеткіштен (8,4 млрд теңге) 18,6% жоғары.

Жалпы пайда 125,4 млн теңгеден 654,4 млн теңгеге дейін өскен. Алайда таза пайда 140,1 млн теңгеден 81,7 млн теңгеге дейін төмендеді.

2025 жылдың соңында зауыттың сауда дебиторлық берешегі 2,07 млрд теңгеден асты. Оның негізгі бөлігі мемлекеттік органдардың қарызына тиесілі:

  • Қорғаныс министрлігіне – 1,18 млрд теңге;

  • ҰҚК Шекара қызметінің департаментіне – 842,7 млн теңге.

Зауыты 2024 жылы жекешелендіру аясында бәсекелес ортаға берілетін ұйымдардың тізіміне енгізілді.

2023 жылы «Зенит» Қазақстанның әскери-теңіз күштеріне кемелер салу бойынша Түркия Қорғаныс министрлігінің екі еншілес ұйымымен келісім жасасқан. Кемелер өндірісін Қазақстан аумағында ұйымдастыру жоспарланған.

Кәсіпорын әскери және шекаралық кемелер, патрульдік катерлер шығарады. Сонымен қатар азаматтық нарық пен мұнай өндіру саласына арналған өнім өндіреді.

«Зениттің» жалғыз акционері – «Қазақстан инжиниринг». Ұлттық компанияның өзі ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетіне тиесілі.