Карантинде банкрот болған кәсіпорындарды рейдерлікпен тартып алу белең алуы мүмкін. Бұл туралы Қазақстан кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов мәлімдеді.
Бизнес-омбудсменнің айтуынша, үкіметте де, бизнесте де карантин кезінде рейдерлікпен тартып алудың жаппай белең алу мүмкіндігі туралы қорқыныш бар.
"Бұл қорқыныш тегін емес. Осы себептен Президент банкроттықты 2020 жылдың 1 қазанына дейін жасамау туралы тапсырма берді. Алайда қазір оны қалай істеу керектігін түсіну керек. Нақты қандай жағдайға қатысты бұл тапсырма орындалатынын анықтау керек", – деді.
Оның айтуынша, қазіргі таңда барлық кәсіпорында дерлік сұраныстың төмендеуінен пайда төмендеді, айналымда ақша жоқ және келісімшарттар орындалмай жатыр.
"Осы орайда бір кәсіпорын бір кәсіпорынды жұтып қоюға талпына бастайды. Ол былай болады. Егер бір кәсіпорында қолма-қол ақша болмаса, салық органдары оның шоттарын құлыптап тастайды да, банкроттықты бастайды. Бұрын да байқағанымыздай, мұндай кезде кәсіпорын қайта қалпына келмейді. Қалпына келетін кәсіпорындар тым сирек. Өйткені, қолданыстағы заң оны қалпына келтіруге емес, керісінше ликвидациялауға жағдай жасайды. Демек, кәсіпорынның активтері ликвидацияланады", - дейді.
Бұл әсіресе активтері бар, базалары мен зауыттары бар өндірістік кәсіпорындарға қатысты.
"Алайда, егер банкроттау карантинге дейін басталса, оны аяқтау керек. Егер карантин уақытында басталса, онда тоқтата тұру керек. Өйткені, кей кәсіпкерлер активтерін сыртқа шығарып алып кетуі ықтимал. Ондай кезде несие берушілер зардар шегеді. Мұнда баланс сақтай білу керек", - дейді.
Оның айтуынша, Қазақстанда бакроттықтың 65 пайыз жағдайы салық органдары тарапынан басталады. Мысалы, наурыз айының басынан бері банкроттық жағдайда 3,2 мың кәсіпорын болған.