Мәжіліс депутаттары жаңа Салық кодексінің жобасын және салық салу мәселелері бойынша ілеспе түзетулерді әзірлеуге кірісті, деп хабарлады ҚР Парламенті Мәжілісінің баспасөз қызметі.
ҚР Парламенті төменгі палатасының баспасөз қызметі Салық кодексіне енгізіліп жатқан кейбір өзгерістерді санамалап берді. Мәселен, салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің саны кемінде 20% қысқарған.
Сонымен қатар, салық жеңілдіктері ретке келтіріліп, олардың көлемі кем дегенде 20% қысқартылуда. Айта кетейік, Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин өз сөзінде Қазақстанда 1,3 трлн теңгені құрайтын 110 салық жеңілдіктерін жою жоспарланып отырғанын айтты. Сондай-ақ, 400 млрд теңгені құрайтын 29 салық жеңілдіктерінің әрекет ету мерзімі шектеледі.
Экономиканың әртүрлі салаларында сараланған салық ставкаларына көшу ұсынылады. Арнайы салық режимдерін оңтайландыру – тек үш түрі ұсынылады. Салық әкімшілігінің сервистік моделі енгізілуде. Салық есептерінің саны 30% қысқарды. «Басқа стандарттар да ұсынылып отыр», — деп атап өтті баспасөз қызметі.
«Жобалармен жұмыс Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Берік Бейсенғалиев басқаратын жұмыс тобының отырыстарында жалғасады», —-деп хабарлады.