2024 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша банк секторының активтері көбінесе банктердің Ұлттық Банктегі корреспонденттік шоттардағы қаражатының және салымдарының өсуі есебінен биыл қыркүйекте 0,5% немесе 268 млрд теңгеге ұлғайып, 58,1 трлн теңге болды (2024 жылдың басынан 13,0% немесе 6,7 трлн теңгеге өсті). 

Екінші деңгейдегі банктердің өтімділігі жоғары активтері 17,7 трлн теңгені немесе жиынтық активтердің 30,4%-ын құрады, бұл банктерге өз міндеттемелеріне толық көлемде қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.

Банк секторының міндеттемелері 2024 жылғы қыркүйекте негізінен заңды тұлғалардың ағымдағы шоттары мен салымдарының, сондай-ақ басқа банктерден алынған ұзақ мерзімді қарыздардың өсуі есебінен 0,1%, 49,9 трлн теңгеге дейін ұлғайды (2024 жылдың басынан бастап 11,8% немесе 5,3 трлн теңгеге өсті). Банк секторы міндеттемелерінің құрылымында негізінен банктердің жиынтық міндеттемелерінің 77,5%-ын немесе 38,6 трлн теңгені құрайтын клиенттердің салымдары бар.

Банктердің меншікті капиталы 2024 жылғы қыркүйекте 2,6%, 8,3 трлн теңгеге дейін негізінен бөлінбеген таза пайданың және әділ құны бойынша ескерілетін бағалы қағаздардың құнын қайта бағалау резервтерінің ұлғаюы нәтижесінде ұлғайды (2024 жылдың басынан бастап 20,3% немесе 1,4 трлн теңгеге өсті). 2024 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша негізгі капиталдың жеткіліктілік коэффициенті (к1) 20,1%-ды (01.01.2024ж. – 19,2%), меншікті капиталдың жеткіліктілік коэффициенті (к2) – 22,0%-ды (01.01.2024 ж. – 21,5%) құрады, бұл заңнамада белгіленген нормативтерден едәуір асып түседі және банк секторындағы әлеуетті тәуекелдерді өтеуді қамтамасыз етеді.

2024 жылғы қаңтар-қыркүйекте банктердің таза пайдасы 1,9 трлн теңгені құрады, бұл 2023 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 17,3% артық. Банк активтерінің рентабельділігі (ROA) 2024 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша 4,6%-ды (01.10.2023ж. – 4,8%), капиталдың рентабельділігі (ROE) – 33,4%-ды (01.10.2023ж. – 38,0%) құрады.