Мемлекет басшысының Иранға ресми сапары барысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев екі ел президенттері Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ибрахим Раисидің кеңейтілген құрамдағы келіссөздеріне қатысты.

ҚР ИИДМ басшысы көлік және транзит, жер қойнауын пайдалану және өнеркәсіп салаларындағы Қазақстан-Иран ынтымақтастығының нәтижелері, перспективалары мен проблемалық мәселелері туралы өзекті ақпаратпен бөлісті.

Атап айтқанда, министр Иранның теңіз порттары және Түрікменстанмен, Түркиямен және Пәкістанмен түйісу станциялары арқылы қазақстандық өнімді тасымалдау көлемін ұлғайту үшін қолда бар мүмкіндіктер жөнінде, сондай-ақ Қазақстаннан келетін жүктер үшін жеңілдіктер беру бойынша Иран Ислам Республикасы темір жолдарымен қол жеткізілген уағдаластықтар туралы хабарлады.

Тау-кен металлургия кешені саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру туралы айта келе, Қайырбек Өскенбаев Қарағанды облысындағы "Борлы" кен орнында катодты мыс өндіретін зауыт құрылысының жобасына тоқталып өтті. Жобаны IRKAZ компаниясы Metal Corporation IMIDRO-мен бірлесе жүзеге асырады. ИИДМ мәліметтері бойынша, жұмыстар кесте бойынша жүзеге асырылады, жылдың соңында пайдалануға беру жоспарда бар.

Бірлескен жобалардың тағы бірі — Иран аумағында ТРРН мемлекеттік ирандық компаниясы мен ICMD неміс корпорациясы жүзеге асыратын ферросиликоалюминий өндіру зауытын салу. Жобада Қазақстан атынан отандық ғалымдар әзірлеген жаңа кешенді қорытпаға патент ұсынған "ҚР Минералдық шикізатты кешенді қайта өңдеу жөніндегі ұлттық орталық" РМК өкілдік етеді. Жоба аясында аталған ұлттық орталық шикізатпен қамтамасыз етілуіне бағалау және маркетингтік зерттеулер жүргізеді.

Екі ел президенттері арасындағы келіссөздердің маңызды нәтижелерінің бірі — ауыл шаруашылығы өнімдерінің саудасы мен транзитінде Қазақстан-Иран ынтымақтастығы туралы Меморандумға қол қою болды.

Құжатқа қазақстандық тараптан ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев пен АШМ басшысы Ербол Қарашөкеев қол қойды.

Меморандумға сәйкес ИИР қазақстандық бидайдың және басқа да ауыл шаруашылығы тауарларының өз аумағы арқылы қосымша баждар мен алымдарсыз еркін транзитін қамтамасыз етеді. Тараптар СВОП операциялары бойынша Қазақстанда өндірілген бидайды Иранға әкелуді және екінші жағынан, осындай мөлшердегі бидайды ИИР-дің шығу шекараларынан әкетуді көтермелейтін болады.

Ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізуге байланысты мәселелерді шешу үшін бірлескен жұмыс тобын құру жоспарлануда.

ҚР ИИДМ мен Иран Ислам Республикасының Жол және қалалық даму министрлігі оңтайлы жылдамдық пен бағаны сақтай отырып, тауарлардың транзитін қамтамасыз ету үшін үшінші елдердің тиісті органдарымен байланыс орнату бойынша келісті.

Меморандум қол қойылған күні күшіне енді.