Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының аналитикалық орталығы қыркүйек айына арналған жаңа болжамын жариялады. Сарапшылардың пікірінше, қымбатшылықтың күшеюі мен сыртқы факторлардың ықпалы Ұлттық банкті ақша-несие саясатын қатаңдатуға итермелеуі ықтимал.

Инфляция және базалық мөлшерлеме

Тамызда айлық инфляция 0,7%-дан 1%-ға көтерілді. ЖЖМ мен коммуналдық қызмет бағасының өсуі, ұлттық валютаның әлсіреуінен импорттық тауардың қымбаттауы, бюджет шығындары мен ҚҚС-тың көтерілуі жағдайды күрделендіріп тұр.

Сарапшылардың 40%-ы 10 қазандағы отырыста базалық мөлшерлеме 16,5%-дан жоғарылауы мүмкін десе, қалған 60%-ы оның қазіргі деңгейде сақталуын күтеді. Ал бір жылдық консенсус-болжам мөлшерлеменің 15,25%-дан 15,5%-ға дейін көтерілетінін көрсетеді.

Инфляциялық күтім де жоғарылап, жылдық көкжиекте 11,4%-ға жетті (бұған дейін – 11,3%). Ұлттық банк 2026 жылы инфляция 9,5–11,5% дәлізінде болады деп отыр.

Теңге бағамы және мұнай бағасы

Қаржыгерлер қауымдастығының дерегінше, қазан басында доллар бағамы 541,6 теңге деңгейінде сақталуы ықтимал. Ал бір жыл ішінде теңгенің әлсіреуі болжанып отыр – бір долларға 565 теңгеге дейін. Бұл тамыздағы болжамға қарағанда сәл тұрақтырақ.

Brent маркалы мұнай бағасы алдағы 12 айда барреліне 66,7 доллар шамасында болады деп болжанып отыр. Бұл – ОПЕК+ өндірісті баяу арттыруына және АҚШ ФРЖ-ның мөлшерлемені төмендету циклін бастауы мүмкін екеніне байланысты.

Экономикалық өсім қарқыны

Алдағы бір жылда ел экономикасының өсімі 6,3%-дан 4,8%-ға дейін баяулауы мүмкін. Бұған шикізат өндіру көлемінің шектелуі, қатаң қаржылық жағдайлар және негізгі сауда серіктестеріндегі экономикалық баяулау ықпал етпек.

Қауымдастық талдаушыларының айтуынша, теңге бағамына қысымды төмендететін бірнеше фактор бар: S&P агенттігінің Қазақстанның суверенді рейтингіне қатысты оң болжамы; Ұлттық банктің шетел валютасын нетто-сатуы; АҚШ ФРЖ мөлшерлемелерінің төмендеуі жағдайында қазақстандық бағалы қағаздарға шетелдік инвесторлар сұранысының артуы.

Бұл теңге әлсіреуін белгілі бір деңгейде ұстап тұруға көмектірмек.

Инфляциялық тәуекелдер күшейген сайын, базалық мөлшерлеме қазан айында көтерілуі әбден мүмкін. Дегенмен теңгенің әлсіреуі біршама тұрақты болады деген сенім бар. Сарапшылардың ортақ пікірінше, алдағы 12 ай Қазақстан экономикасы үшін күрделі сынақ кезеңіне айналмақ.