Қазақстанда автокөлікті халыққа қолжетімді ету үшін автонесиелеу кезінде қарыз жүктемесінің коэффициентін (ҚЖК) алып тастау мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл туралы Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, бұл бастама автонесиелеу мен автолизинг тетіктерін жетілдіру аясында қолға алынбақ. Сонымен қатар жеке тұлғаларға арналған автолизингті дамыту жоспарланған.
Министрдің сөзінше, автокөлік импортында заң талаптарының сақталуы қатаң бақыланып, бұл отандық өндірушілер мен импорттаушылар үшін тең әрі ашық бәсекелестік қалыптастыруға және заңсыз импорт схемаларының алдын алуға мүмкіндік береді.
Қарыз жүктемесінің коэффициенті дегеніміз - адамның айлық табысының қанша бөлігі қарызды өтеуге жұмсалғанын көрсетеді.
Есептеуде қолданыстағы несиелер, бөліп төлеу жоспарлары, несие карталары және жаңа несиелер бойынша төлемдер ескеріледі. Қарыз ауыртпалығы неғұрлым жоғары болса, мақұлдау ықтималдығы соғұрлым төмен болады.
Міндетті ҚЖК есептеуін алып тастау қарыз ала алатын адамдарды көбейтуі мүмкін. Бұрын банк қарыз бермеген адамдар несие ала алуы ықтимал. Дегенмен, бұл банктер барлығына несие бере бастайды дегенді білдірмейді. Қаржы институттары несие тарихын, табысын, алғашқы жарнасын және өз тәуекелдерін бағалай береді.