Украина қазақ мұнайын тасыған танкерлерге шабуыл жасамағанын айтып отыр

Украина Каспий Құбыр Консорциумының терминалы арқылы қазақ мұнайын тасымалдаған танкерлерге жасалған шабуылдарға қатысы жоқ екенін мәлімдеді.

Украина Қазақстандағы елшісі Виктор Майко Новороссийск порты маңындағы Каспий құбыр консорциумы (КҚК) терминалы арқылы қазақстандық мұнай тасымалдаған танкерлерге жасалған шабуылдарға Украинаның қатысы жоқ екенін мәлімдеді. Елшінің толық мәлімдемесін The Times of Central Asia басылымы жариялады.

Дипломат 17, 19 және 20 шілдеде болған оқиғаларға байланысты Қазақстанның алаңдаушылығын түсінетінін айтып, алайда асығыс қорытынды жасамауға шақырды.

«Қазіргі уақытта аталған шабуылдарды Украина жасағанын дәлелдейтін ешқандай айғақ жоқ. Сондықтан Украинаға тікелей немесе жанама түрде негізсіз айып тағудан бас тартуларыңызды сұраймын», — деді Виктор Майко.

Оның айтуынша, Украина бұған дейін халықаралық серіктестеріне Ресей тарапынан арандатушылық болуы мүмкін екенін ескерткен. Елші Ресейдің радиоэлектрондық күрес жүйелері украиналық дрондарды басқаруды өз бақылауына алып немесе оларды Украинаның беделіне нұқсан келтіру үшін пайдалануы мүмкін екенін айтты.

«Ресейдің осындай дрондарды арандатушылық жасау және Украинаны қаралау мақсатында пайдалануы мүмкін деген нұсқаны жан-жақты тергеу қажет», — деді дипломат.

Сондай-ақ елші Украина Қарулы күштері азаматтық нысандарға, соның ішінде Ресей аумағындағы азаматтық инфрақұрылымға соққы жасамайтынын мәлімдеді.

«Украина Қарулы күштері азаматтық нысандарға шабуыл жасамайды. Заңды әскери нысандар ретінде тек Ресейдің әскери машинасын қолдайтын әскери объектілер мен инфрақұрылым қарастырылады», — делінген мәлімдемеде.

Виктор Майко Қазақстан Украина үшін ешқашан әскери нысана болмағанын да ерекше атап өтті.

«Қазақстан, оның азаматтары, инфрақұрылымы және экономикалық мүдделері ешқашан және қазір де Украина үшін әскери нысана ретінде қарастырылмайды. Каспий құбыр консорциумы инфрақұрылымына немесе Қазақстан Республикасының басқа да экономикалық және энергетикалық нысандарына жасалатын кез келген шабуыл Украинаның мүддесіне сай келмейді», — деді ол.

Мәлімдемесінің соңында дипломат Украина Қазақстанды достас мемлекет деп санайтынын және екіжақты қарым-қатынасты өзара құрмет, сенім және сындарлы диалог негізінде одан әрі дамытуға ниетті екенін айтты.