Зейнетақы ақшасының табыстылығына жеке басқарушылар жауап беретін болды

2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда зейнетақы жинақтарына берілетін мемлекеттік кепілдік тетігі өзгереді. Бұл өзгеріс азаматтардың зейнетақы жинақтары қорғалмай қалады дегенді білдірмейді.

Қазір мемлекет зейнетақыға шыққан адамға міндетті және міндетті кәсіптік жарналарының нақты енгізілген сомасын инфляцияны ескере отырып сақтауға кепілдік береді. Егер инвестициялық табыс инфляциядан төмен болса, айырманы мемлекет өтейді.

Ал 2027 жылдан бастап инфляция деңгейіне байланысты осындай өтемақы төлеу механизмі жойылады.

БЖЗҚ мәліметінше, бұдан былай кепілдік басқа тәсілмен қамтамасыз етіледі:

  • мемлекет БЖЗҚ мен инвестициялық портфельді басқарушылардың (ИПБ) қызметін қатаң реттейді;

  • зейнетақы активтерін әртараптандыру және тәуекелдерді шектеу талаптары сақталады;

  • инвестициялық портфельді басқарушылар белгіленген ең төменгі табыстылықты қамтамасыз ете алмаса, айырманы өз қаражаты есебінен өтеуге міндетті.

2026 жылдың қыркүйегінен бастап азаматтар міндетті және міндетті кәсіптік зейнетақы жинақтарының 100%-ын өз қалауы бойынша инвестициялық портфельді басқарушыларға бере алады. Қазір мұндай мүмкіндік тек жинақтың 50%-ына ғана берілген.

Салымшы бірнеше басқарушыны немесе әртүрлі инвестициялық стратегияларды таңдай алады.

Мемлекет зейнетақы жүйесінен кетпейді және бақылауды сақтайды. Бірақ енді инвестициялық тәуекел мен табыстылыққа көбірек нарықтық механизмдер арқылы жауап беріледі. Яғни, бұрынғыдай инфляция айырмасын мемлекет өтеудің орнына, инвестициялық басқарушылардың жауапкершілігі күшейеді, ал салымшыларға өз жинақтарын басқару бойынша көбірек таңдау беріледі.

Яғни, бұрын зейнетақы ақшасының табыстылығы инфляциядан төмен болса, айырмашылықты мемлекет өтейтін, енді оны жеке басқарушы компаниялары қалталарынан өтейтін болды.