Қазақстанда өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың құқықтық мәртебесін өзгерту мәселесі талқыланып жатыр. Бұл мәселе премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен жаңа Салық кодексін енгізу жөніндегі жобалық кеңсе отырысында қаралды.
Қазіргі заңнамаға сәйкес, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар кәсіпкерлік субъектілеріне жатпайды. Алайда жаңа салық режимін жүздеген мың адамның таңдауы бұл мәселені қайта қарауға негіз болып отыр.
Жұманғариннің мәліметінше, қолданыстағы заңнамада өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың мәртебесі нақты айқындалмаған. Соның салдарынан Салық кодексі, Кәсіпкерлік кодексі және Әлеуметтік кодекс арасында құқықтық қайшылық туындап, бұл санаттағы азаматтар шағын және орта бизнес статистикасына енгізілмейді.
Жаңа Салық кодексіне сәйкес арнайы салық режимін:
жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген;
рұқсат етілген қызмет түрлерімен айналысатын;
жалдамалы жұмысшы ұстамайтын;
айлық табысы 300 АЕК-тен аспайтын жеке тұлғалар пайдалана алады.
Бұл режимде олар тек 4% мөлшерінде әлеуметтік төлемдер төлейді.
Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, жыл басынан бері өзін-өзі жұмыспен қамтыған ретінде 688,8 мың адам тіркелген.
Олардың ішінде:
597 мың адам немесе 87% – Yandex, inDrive, Wolt сияқты цифрлық платформалар арқылы жұмыс істейді;
91,5 мың адам қызметін өз бетінше жүргізеді.
Сондай-ақ тіркелгендердің тек 84,2 мыңы бұрын жеке кәсіпкер болған. Ал 546,4 мың адам бұған дейін кәсіпкер ретінде мүлде тіркелмеген. Яғни жарты миллионнан астам қазақстандық алғаш рет ресми жұмыспен қамту және салық жүйесіне енген.
Отырыс барысында өзін-өзі жұмыспен қамту экономикалық қызметтің дербес нысаны бола ма; кәсіпкерлікке өтудің аралық кезеңі ретінде қарастырыла ма; әлде жұмыспен қамтудың жеке санаты ретінде қала ма деген мәселелер талқыланды.
Әзірге Үкімет өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың мәртебесін Кәсіпкерлік және Әлеуметтік кодекстерде бекітпеу туралы шешім қабылдады. Бұл мәселеге жаңа салық режимінің тәжірибесі жинақталғаннан кейін, келесі жылы қайта оралу жоспарланып отыр.