Қазақстанның Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев 2023 жылғы 14-17 маусым аралығында өтіп жатқан Санкт-Петербург халықаралық экономикалық форумында (ПХЭФ) қазақстандық делегацияны бастап барды.
Делегация құрамына «Самұрық-Қазына» қорының Басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов, Сауда және интеграция, Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Ұлттық экономика министрліктерінің өкілдері кірді.
Форумда Якутия, Томск және Новгород облыстарының басшыларымен, сондай - ақ Ресей Федерациясының негізгі салалық компаниялары – «Росатом», «Газпром» және «ИнтерРАО» компанияларымен кездесулер өткізілді.
«Газпром» Басқарма төрағасы Алексей Миллермен кездесуде «Газпром» мен «QazaqGaz» арасында Өзбекстан тұтынушылары үшін ресейлік табиғи газды тасымалдау туралы шартқа қол қойылды.
Сондай-ақ газды жеткізу, өңдеу және тасымалдау саласындағы ынтымақтастық талқыланды.
Қазақстан мен Ресейдің энергетика министрлері ПХЭФ барысында 2033 жылдың соңына дейін 10 миллион тоннаға дейінгі көлемдерді ұлғайта отырып, Ресей мұнайының транзиті бойынша үкіметаралық уағдаластықтарды ұзартты.
«Интер РАО» ЖАҚ-пен кездесуде тараптар электр энергиясын жеткізу, көмір станцияларын жаңғырту бойынша ынтымақтастық әлеуетін талқылады.