Meta Platforms компаниясы (Фейсбук иесі) бүгін Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің осы әлеуметтік желідегі контент туралы есеп жүйесіне эксклюзивті қолжетімділік алағны туралы мәлімдемесін жоққа шығарды, деп хабарлайды Reuters.

Reuters агенттігіне берген жауабында Meta Platforms саяси коммуникация бойынша Азия-Тынық мұхиты өңірінің директоры Бен МакКонаги былай деді:

"Біріншіден, біз Қазақстан үкіметімен ешқандай да бірлескен мәлімдеме жасаған жоқпыз. Қазақстан үкіметі біздің өзара келіссөздерімізге сүйеніп өзі мәлімдеме жасады. Аталған келіссөз жергілікті заңнаманы бұзған жағдайда контентті шектеу туралы Қазақстан үкіметінің сұранысы бойынша жасалды" деді.

Оның айтуынша, бұл процесс Қазақстан үшін эксклюзивті емес, бұндай мүмкіндік барлық елге беріледі.

Естеріңізге сала кетейік, кеше Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Фейсбуктегі контентті қажет кезде өшіре алатын мүмкіндікке ие болғанын айтып мәлімдеме жасаған еді.