ҚР-да бүкіл әлемдегідей декарбонизация тетіктері белсенді түрде әзірленуде. Декарбонизация жаһандық орташа температураның жоғарылауын өнеркәсіпке дейінгі деңгейден 2°С-тан әлдеқайда төмен ұстау мақсатымен парниктік газдар (ПГ) шығарындыларының уақыт өте азаюын білдіреді. Бұл мақсат 2015 жылғы 12 желтоқсанда БҰҰ климаттың өзгеруі жөніндегі негіздемелік конвенциясының (БҰҰ КӨНК) тарапынан қабылданған Париж келісімінде бекітілді. Парниктік газдар шығарындыларын нөлге дейін барынша тез және жан-жақты қысқарту өзекті міндет, деп хабарлайды finprom.kz.

Париж келісіміне қосылған ел ретінде Қазақстан климаттың өзгеруі қаупіне жаһандық шараларға өз үлесін қосу міндеттемесін алады. Сондай-ақ, ҚР-да 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу мақсаты заңды түрде бекітілді. Ескерту: көміртексіз экономикаға көшу тек климат тұрғысынан ғана емес, Қазақстанның экономикалық дамуы үшін де қажет.

2020 жылдың соңғы қолжетімді деректерінше, ҚР-да парниктік газдар шығарындыларының көлемі 342,9 млн тоннаны құрады, бұл 2019 жылмен салыстырғанда 4,7% аз, ал 1990 жылмен салыстырғанда 11,1% төмендеді. Сонымен қатар, 2012-2018 жылдар аралығында парниктік газдар шығарындылары 7 жыл бойы өсіп келеді. Қазақстандағы парниктік газдар шығарындыларының жалпы көлеміне ең көп үлесті энергетика секторы қосады: 2020 жылы оның үлесі 79,5%. Екінші орында ауыл шаруашылығы саласы: 11,9%. Үшінші орында өнеркәсіптік: 6,5%.

Мұндай жағдайда Қазақстан жолайрыққа түседі. Бір жағынан, тез арада декарбонизацияға бағытталған ойластырылмаған әрекеттер республикадағы әлеуметтік тұрақтылыққа кері әсер етуі мүмкін екенін ескеруіміз керек – сайып келгенде, қазақстандықтардың үйлерін жылытуды тоқтату немесе үй шаруашылығына тарифті көтеру физикалық тұрғыдан да, ҚР экономикалық өсімі жағынан да шындыққа жанаспайды. Өйткені Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік жағдайы және экономикалық даму моделі бай табиғи ресурстарға толығымен байланған және қазба отындары мен пайдалы қазбалардың экспортына негізделген. Осы стратегияның арқасында Қазақстан белсенді дамып, инвестиция тартуда. Екінші жағынан, қазіргі нақты жағдайда бұл модель елді тығырыққа тірейді, өйткені ҚР-ның экономикасы әлі де әртараптандырылған жоқ және негізінен өндіруші өнеркәсіпке тәуелді.

Осы уақытта, 2021 жылдың жазында Еурокомиссия 1990 жылғы деңгеймен салыстырғанда 2030 жылға қарай таза парниктік газдар шығарындыларын кемінде 55% азайтуды көздейтін EU Green Deal экологиялық жоспарын ұсынды. Ол ЕО елдеріне көміртекті көп тұтынатын өнімдердің импортына трансшекаралық көміртегі салығын (Carbon Border Adjustment Mechanism, CBAM) енгізуді көздейді — бұл негізінен тау-кен және мұнай-газ өнеркәсібінің өнімдері, сондай-ақ металлургия және химия өнеркәсібі. CBAM басынан бастап ЕО жекелеген салаларды қамтиды, әсіресе «көміртегі ағып кететін»: темір және болат, цемент, химиялық тыңайтқыштар мен алюминий және электр энергиясының импорты. 2023 жылдан бастап бұл өнімдер үшін есеп беру жүйесі тетіктері одан әрі дамытуға және серіктес елдермен диалогты ынталандыруға көмектесетін болады. 2026 жылдан бастап импорттаушылар тиісті қаржылық түзетуді төлейтін болады.

Бұл шара ҚР-ның экспорттық табысына айтарлықтай соққы тигізеді және дәл осы тізімдегі салалар ең көп зардап шегеді. Бұл заңның экспорттық табысқа әсерін бағалау үшін Қазақстанның ЕО елдеріне экспортының үлесіне қарап шығу жеткілікті. Мәселен, Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2022 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша, ҚР-дан Еуроодақ елдеріне тауар экспорты 31,3 млрд АҚШ долларына жетті. ЕО елдеріне экспорттың үлесі ҚР-ның жалпы экспортының айтарлықтай 40,3%-ын құрайды. Сонымен бірге, QazTrade мәліметінше, барлық дерлік көлем немесе 95,4%-ы мұнай, мұнай өнімдері және негізгі металдарға тиесілі, яғни Қазақстанның ЕО-ға экспортының барлығы дерлік көміртекті көп қажет ететін салалардың өнімдерінен тұрады. Жалпы, экономикаға соққы барлық деңгейде болады. Мәселен, 2022 жылдың басына қарай ҚР-дағы барлық салықтардың 46%-дан астамын тау-кен өндіруші кәсіпорындар құрады – бұл мұнай өңдеу немесе металлургияны айтпағанда, тек өндірістің өзі ғана.

Әрине, бұл жағдайда біз жалғыз емеспіз. Мысалы, көршілес Ресейге де қауіп төніп тұр: Украинадағы оқиғаларға дейін де ЕО-да көміртегі салығын енгізуден РФ-ға келтірілген змян 2025-2030 жылдары 33,3 млрд АҚШ долларын құраған, РБК хабарлауынша, KPMG аудиторлық компаниясының болжамының негізгі сценарийі осы.

Осы тәуекелдерді азайту үшін «проблемалық» (сонымен қатар елдің экономикасы арқа сүйейтін) салалардың қатысушылары ҚР Үкіметімен бірлесіп, негізгі өндірісті сақтауға және дамытуға қажетті қаражатты кешіктірмей, парниктік газдар шығарындыларын барынша азайтуға бағытталған инвестиция көлемін ұлғайту бойынша барлық қажетті шараларды қабылдауы қажет.

Мәселенің шешімдерінің бірі – жаңартылатын энергия көздерін (ЖЭК) пайдалану. Дегенмен, қазіргі уақытта өндірілген электр энергиясының жалпы көлеміндегі ЖЭК нысандарының үлесі небәрі 4,53%-ды құрайды. ЖЭК нысандары арқылы электр энергиясын өндіру жылдан жылға артып келе жатқанына қарамастан, әлі де болса аз: бүкіл әлемде ЖЭК пайдалану көптеген факторларға байланысты күрделі және қымбат процесс. Атап айтқанда, өзен суларының көлемінен бастап күннің ұзақтығы мен бұлтты ауа райына дейінгі факторлар бар. 

Өз тарапынан өндіруші өнеркәсіптің ірі компаниялары бірнеше жылдан бері декарбонизация және парниктік газдар шығарындыларын азайту шараларын жүзеге асыруда. Мәселен, «Самұрық-Қазына» АҚ квазимемлекеттік компаниясы 2022 жылдың желтоқсан айында қордың төмен көміртекті дамыту тұжырымдамасын ұсынды, ондағы стратегиялық мақсат көміртегі ізін 2021 жылмен салыстырғанда 10 азайту. Ұзақ мерзімді мақсат – қор мен портфельдік компаниялардың 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізуі. Тұжырымдамада төмен көміртекті бизнес моделіне көшу жоспары бар.

Мысалы, ERG декарбонизация бағдарламасы аясында Ақтөбе облысында өңірдегі ең қуатты жел электр станциясын салады. Қуаты 155 МВт-қа дейінгі жаңа ЖЭК нысаны 2024 жылы іске қосылады деп жоспарлануда. ERG өзінің алғашқы жел электр станциясының жобасына шамамен 80 млрд теңге инвестициялайды. Жобаны жүзеге асыру жылына 520 мың тонна көмірқышқыл газының атмосфераға тарауын тоқтатуға мүмкіндік береді. Жалпы, ERG ЖЭК нысандарын дамыту, энергия тиімділігін арттыру және энергияны үнемдеу жобаларын қамтитын декарбонизация стратегиясын жүзеге асыру нәтижесінде болат өнімдерінің көміртегі ізін 3 млн тоннаға азайтпақ. 2030 жылға қарай барлық түрдегі ластаушы заттардың шығарындылары 56%, төгінділерді 30%, су тұтынуды 33% азайтады.

Өз кезегінде еліміздегі ең ірі мұнай өндіруші компаниялардың бірі «Теңізшевройл» (ТШО) 2000 жылдан бері жалпы шығарындыларды азайту жобаларына 3 млрд АҚШ долларынан астам инвестиция салды. Нәтижесінде компания атмосфераға шығарындылардың қарқындылығын 65% төмендетті. ТШО қызметкерлерінің соңғы бастамаларының бірі мұржалардан шығатын көмірқышқыл газын, яғни зауыттың бу қазандықтары шығаратын шығарындыларын жылына шамамен 165 мың тоннаға азайтты.

Декарбонизацияға деген жалпы үрдісті және осы бағытты заңнамалық деңгейде дамытуды және жеделдетуді қолдайтын жаһандық бастамаларды ескере отырып, қазба отындары мен пайдалы қазбаларды өндірумен және өңдеумен байланысты компаниялардың жаңартылатын энергия объектілерін дамытуға, сондай-ақ жалпы көміртегі бейтараптығына қол жеткізу және тұрақты даму қағидаттарын ұстануға атсалысуын күтуге болады. Сала ЕО-ға экспорттың жартысын қамтамасыз ететінін және көміртегі бейтараптығының сәйкессіздігі Қазақстан бюджетінің кірісіне әсер ететінін біледі. Сондықтан бұл мәселеде мемлекеттік қолдаудың маңызы зор.