Ертіс футбол клубы жеке меншікке өтті

Ертіс футбол клубы жеке меншікке өтті

Ертіс футбол клубын коммерцияландыру рәсімі аяқталып, жаңа жеке инвесторлармен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Инвесторлар құрамына үш ұйым енді: «Павлодар өзен порты» АҚ - 50%, «RR-CAPITAL» ЖШС - 25% және «Біріккен жеміс-көкөніс компаниясы» ЖШС - 25%.

Сонымен қатар мемлекет балалар және әйелдер футболын дамытуға қолдау көрсетуді жалғастырып, осы бағыттарды қаржыландыруға қатысуын сақтайды.

«Ертіс» футбол клубы 2020 жылы қаржылық қиындықтарға байланысты клуб жарыстарға қатысуын тоқтатса, 2022 жылдың қыркүйегінде банкрот деп танылды. Оны қайта жандандыру жұмыстары 2023 жылы басталды.

Қазақстан Премьер-лигасына қайта оралу клубтың 60 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келді. Өз тарихында «Ертіс» бес рет Қазақстан чемпионы атанды: 1993, 1997, 1999, 2002 және 2003 жылдары. Сондай-ақ ел Кубогын жеңіп алды.

Клубты инвесторларға беру алдында оның мүлкіне бағалау жүргізіліп, қажетті рәсімдер толық аяқталды. «Павлодар өзен порты» АҚ 2026 жылы клубты қолдау мақсатында демеушілік көмек ретінде 250 млн теңге бағыттады. Жыл соңына дейін тағы 250 млн теңге инвестициялауды жоспарлап отыр. Алдағы уақытта үш инвестор да «Ертісті» қаржыландыру, инфрақұрылымды, негізгі және жастар командаларын дамыту бойынша ұзақ мерзімді міндеттемелер алады. Жыл сайынғы инвестиция көлемі кемінде 1,5 млрд теңгені құрайды.

Сонымен қатар 2028 жылы өңірде 25 мың көрерменге арналған заманауи футбол стадионының құрылысы жоспарланған. Ал келесі жылдан бастап мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 200 жас спортшы білім ала алатын футбол академиясын ашу көзделіп отыр.

Бұған дейін жекеге өтсе де футбол клубтары әлі бюджеттен ақша алып отырғанын жазған едік.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін «Олжа Агро» агрохолдингі Қостанайдың «Тобыл» футбол клубының құрылтайшыларының қатарына кіріп, оның жаңа иесі атанды.

Шымкенттің «Ордабасы» футбол клубы 156,9 млн теңгеге e-qazyna порталы арқылы сатылды. Бұл клубтың 224,1 млн теңге көлеміндегі бағалау құнынан шамамен 30% төмен.

2026 жылдың ақпанында Шымкент қаласының әкімдігі мен «Integra Construction KZ» ЖШС «Ордабасы» футбол клубын жекешелендіру туралы меморандумға қол қойған еді. Компанияның бенефициарлық иесі – кәсіпкер Шахмұрат Мүтәліп.

«Атырау» футбол клубы 77 млн теңгеге сатылды.

Клуб едәуір жеңілдікпен сатылды, себебі бағалау бойынша оның нарықтық құны 250,8 млн теңгені құраған, бұл сатылған бағадан 3,2 есе жоғары.

Сатып алған — кәсіпкер Болат Қонарбай. Оның негізгі қызмет бағыттары — мұнай өндіру, теміржол тасымалы және логистика.

Ақмола облысындағы «Оқжетпес» футбол клубы да жекеге өткен. Атап айтқанда, «Оқжетпес» ФК қоғамдық қорын құру жөнінде шешім қабылданды. Қордың құрылтайшысы «Агрофирма «Родина» ЖШС директоры Иван Сауэр болады. Ол өңірдің ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерімен бірлесіп, ақмолалық футболға жүйелі қолдау көрсетеді.

Оған дейін Қарағандының Шахтер футбол клубын Freedom Holding Corp. тобына кіретін, қазақстандық кәсіпкер Тимур Турловқа тиесілі компания сатып алды.

Сондай-ақ Елімай футбол клубы ірі акционердің пайда болғанын хабарлады. Абай облысындағы клубтың инвесторы — Qazaq-Astyq Group компаниясының май экстракциялайтын зауыты болды.

Qazaq Stroy компаниясының иесі Нұрлан Артықбаев Ақтөбе футбол клубының инвесторы болғаны хабарланған еді.

Сонымен қатар Петропавлдың Қызыл-Жар футбол клубының инвесторы кәсіпкер Сергей Кан болып анықталған. Клубты қаржыландыру Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігімен бірлесіп жүзеге асырылады.

Қайсар футбол клубы да жеке басқаруға берілді. Клуб TAU Group LTD» компаниясының басшысы Исламғали Қозбақовтың жеке басқаруына берілді.

Сонымен қатар Астана футбол клубына да инвестор табылғаны хабарланды, бірақ туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов инвесторлардың бар екенін, алайда рәсімдер толық аяқталғанға дейін олардың атын атай алмайтынын айтты.