Kaspi Қазақстандағы азық-түлік дүкендері нарығындағы қатысуын кеңейтпек. Компания 2027 жылдың соңына дейін еліміздің тоғыз қаласында Magnum Daily желісінің 300 дүкенін ашуды жоспарлап отыр. Ал орта мерзімді перспективада дүкендер санын 3 000-ға дейін жеткізу көзделген. Бұл туралы компанияның 2026 жылдың үшінші тоқсанына арналған есебінде айтылған.
Қазіргі уақытта Алматыда Magnum Daily желісінің 42 дүкені жұмыс істеп тұр. Жоба Kaspi-дің қолданыстағы логистикалық және технологиялық инфрақұрылымын пайдалана отырып, жергілікті тәуелсіз серіктестермен бірлесіп жүзеге асырылуда.
Magnum Daily дүкендері күнделікті қажетті азық-түлік пен тұрмыстық тауарларды сатуға арналған шағын форматта жұмыс істейді. Стандартты дүкендердің аумағы 80–200 шаршы метрден басталады. Ассортиментінде шамамен 4 мың түрлі тауар болады. Сондай-ақ дүкендерде шағын кафе мен наубайхана қарастырылған.
Компанияның бизнес-моделі бойынша, дүкендерді ашуға қажетті қаржыны Kaspi бөледі, ал тауар ассортиментін, қорын және бағасын орталықтан басқарады. Өнімдер компанияның қолданыстағы darkstore қоймаларынан жеткізіледі. Жергілікті серіктестер дүкендердің күнделікті жұмысын ұйымдастырады және тауар айналымының 7%-ын алады.
Kaspi бағалауынша, бір дүкенді ашуға шамамен 100 млн теңге ($227 мың) инвестиция қажет. Жоспар бойынша, айлық тауар айналымы 40 млн теңгеге жетіп, EBITDA маржасы шамамен 15% болады. Компания инвестицияның өтелу мерзімін 18 ай деп есептеп отыр.
2027 жылдың соңына дейін 300 дүкен ашу жоспарына Алматыда – 100, Астанада – 60, Шымкентте – 50, Ақтөбе мен Қарағандыда 20-дан дүкен кіреді. Қалған 50 нүкте Өскемен, Ақтау, Атырау және Павлодар қалаларында ашылмақ.
Компания Қазақстандағы үй маңындағы азық-түлік дүкендері нарығының әлеуетін шамамен 9 млрд долларға бағалайды.
Сонымен қатар Kaspi Magnum Daily желісін электронды коммерция бағытымен байланыстыруды көздеп отыр. Атап айтқанда, дүкендерден e-Commerce клиенттеріне 30 минут ішінде тауар жеткізу мүмкіндігін сынақтан өткізу жоспарланған.
Компанияның есебіне сәйкес, Magnum Daily желісі 3 000 дүкенге жеткен жағдайда жылдық тауар айналымы 1,44 трлн теңгеге, ал EBITDA шамамен 216 млрд теңгеге жетуі мүмкін. Бұл – компанияның орта мерзімді даму жоспарына негізделген болжам.