Жалған сілтемелер мен кибербуллингтен қалай қорғанамыз: цифрлық қауіпсіздік бойынша кеңестер

Бүгінгі таңда цифрлық кеңістік күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Алайда, ғаламтор бізге шексіз мүмкіндіктермен қатар, айтарлықтай қауіп-қатерлерді де ала келеді.

Әсіресе, әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі цифрлық алаяқтық, фишингтік шабуылдар және кибербуллинг (онлайн-қысым) сияқты мәселелер жиілеп кетті. Басқалардың сеніміне кіру, қорқыту немесе асықтыру арқылы жеке мәліметтерді қолға түсіру — киберқылмыскерлердің негізгі құралына айналған.

Осы орайда, әйелдер журналистер, блогерлер мен белсенділерге құқықтық, психологиялық және ақпараттық қолдау көрсетуге бағытталған aiel-qorgan.kz жобасы цифрлық қауіпсіздік пен жеке шекараны сақтаудың маңыздылығын баса айтады. Жобаның басты мақсаттарының бірі — пайдаланушылардың цифрлық сауаттылығын арттыру және желідегі зорлық-зомбылық пен алаяқтықтың алдын алу.

Бүгінде цифрлық алаяқтықтың ең кең таралған түрі — фишинг, яғни жалған сілтемелер арқылы жеке мәліметтерді немесе парольдерді ұрлау болып отыр. Алаяқтар көбіне «Дауыс беріп жіберші», «Ұтыс ойынына қатыс», «Аккаунтыңыз бұғатталады» немесе «Жеке фотоларыңыз желіге тарап кетті» деген сияқты эмоция мен асығыстық тудыратын хабарламалар жібереді. Сілтемеге өткен сәтте пайдаланушы ресми сайтқа ұқсас жасалған жалған парақшаға тап болады.

Сонымен қатар, кибербуллинг пен доксинг (жеке мәліметтерді, фотосуреттерді рұқсатсыз жариялау) кең таралған, ол адамға үлкен психологиялық соққы жасайды. Мұндай жағдайда эмоционалдық реакцияға берілмей, салқынқандылық сақтау — ең басты корғаныс екенін атап өту керек.

aiel-qorgan.kz жобасының цифрлық қауіпсіздік бойынша ұсыныстары:

  • Сілтеменің атауын мұқият тексеру. Белгісіз немесе күдікті тараптардан келген сілтемелерге өтпеу. Домендік мекенжайдағы әріптердің дұрыстығын тексеру қажет. Алаяқтар ресми сайттың атауын бір-екі әріппен өзгертіп жазады.

  • Беймәлім сайтқа жеке мәліметтерді енгізбеу. Жүйеге кіру үшін (логин, пароль, SMS-код) ұсынылған бейтаныс формаларға ақпарат енгізбеу. Ресми ұйымдар немесе әлеуметтік желі әкімшілігі ешқашан SMS арқылы келген парольді немесе құпия кодты сұрамайды.

  • Белсенді сессияларды бақылау. Әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі (Instagram, Telegram, WhatsApp) қауіпсіздік баптауларына кіріп, белсенді құрылғыларды (Active Sessions) жиі тексеріп тұру қажет. Бейтаныс құрылғыны байқасаңыз, сессияны дереу аяқтаңыз.

  • Кибербуллинг орын алса, дәлелдерді сақтау қажет. Электронды қысым, шантаж немесе сес көрсету жағдайында арандатушымен айтыспау ұсынылады. Оның орнына барлық хабарламалар мен жазбалардың скриншотын жасап, айғақ ретінде сақтап қойыңыз. Парақшаны «бұғаттау»және «шағымдану» функциялары арқылы жабу қажет.

  • Күдікті сілтемеге өтіп кеткен жағдайда шұғыл әрекет ету. Егер байқамай жалған сілтемеге өтіп, деректерді енгізген жағдайда, дереу негізгі аккаунтыңыздың құпия сөзін ауыстыру, барлық құрылғылардағы сессияларды жабу және банк карталарын бұғаттау керек.

Сондай-ақ, кибербуллингке немесе цифрлық зорлық-зомбылыққа тап болған жағдайда жалғыз қалмай, психологиялық немесе құқықтық көмекке жүгіну маңызды. Аталған платформа арқылы мұндай жағдайларға тап болған азаматтар мамандардан консультация мен тиісті қолдау ала алады.