Қарағандының «Шахтер» футбол клубын Freedom Holding Corp. тобына кіретін, қазақстандық кәсіпкер Тимур Турловқа тиесілі компания сатып алды. Жекешелендіру заңнамаға сәйкес жүргізілді.
Қарағанды облысының әкімдігі танымал кәсіпкер Тимур Турловпен бірлесіп, өңірде жаңа футбол экожүйесін құрмақ. Жалпы алғанда бұл мақсаттарға 18,5 млрд теңге бағытталады, оның 12 млрд теңгесі футбол академиясын салуға, ал 6,5 млрд теңгесі өңірдегі балалар мен жасөспірімдер футболын және бұқаралық футболды дамытуға бөлінеді.
Тимур Турлов өңірде бірнеше ірі бағытты жүзеге асырып жатыр: ALGA! мектеп жобасы (2029 жылға дейін 40 мыңнан астам мектеп оқушысын және 3600 студентті қамтиды, футбол бастамалары өңірдегі 100-ден астам білім беру мекемесінде іске асырылады), Freedom BFL ресми балалар-жасөспірімдер лигасы, «Шахтер» заманауи футбол академиясының құрылысы және өңірді дамытуға арналған кешенді стратегия.
Айта кетсек, «Елімай» футбол клубы алғашқы ірі акционердің пайда болғанын хабарлады. Абай облысындағы клубтың инвесторы — Qazaq-Astyq Group компаниясының май экстракциялайтын зауыты болды.
Бұған дейін Qazaq Stroy компаниясының иесі Нұрлан Артықбаев «Ақтөбе» футбол клубының инвесторы болғаны хабарланған еді.
Сонымен қатар Петропавлдың «Қызыл-Жар» футбол клубының инвесторы кәсіпкер Сергей Кан болып анықталған еді. Клубты қаржыландыру Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігімен бірлесіп жүзеге асырылады.
«Қайсар» футбол клубы да жеке басқаруға берілді. «Алдағы уақытта «Қайсар» футбол клубын дамыту бойынша нақты шаралар қабылданып, клуб академиясы мен инфрақұрылымын дамытуға 12 млрд теңге көлемінде инвестиция салу жоспарлануда», – деп жазды клуб өкілдері.