Астанада қоғамдық көлікте жол жүру ақысын қолма-қол ақшасыз төлем кезінде 110 теңгеден 150 теңгеге дейін көтеру ұсынылып отыр. Жаңа тарифті желтоқсан айының ортасынан бастап енгізу жоспарланған. Бұл туралы қалалық әкімдік хабарлады.
Әкімдік мәліметінше, елордада жол жүру ақысы 2014 жылы 90 теңге болып белгіленген. Содан бері тариф бір рет қана қайта қаралып, қазіргі 110 теңгеге жеткен.
Осы кезеңде тасымалдаушылардың пайдалану шығындары едәуір өскен. Атап айтқанда, 2014 жылы дизель отынының бір литрі шамамен 107 теңге болса, қазір 329 теңгеге дейін қымбаттаған. Яғни баға үш еседен астам өскен.
Жүргізушілердің орташа жалақысы да артқан. 2014 жылы ол шамамен 100–150 мың теңге болса, қазір автобус класы мен жұмыс режиміне қарай 700 мың теңгеден басталады. Сонымен қатар қосалқы бөлшектер, дөңгелектер, аккумуляторлар, техникалық қызмет көрсету және жаңа автобустарды сатып алу құны қымбаттаған.
Соған қарамастан, соңғы үш жылда елорда тасымалдаушылары 1 127 жаңа көлік сатып алған. Олардың барлығы қауіпсіздік, жайлылық және экологиялық талаптарға сай болуы тиіс.
Әкімдік әлеуметтік қолдау шаралары сақталатынын атап өтті. Астанада бірқатар азаматтар санатына қоғамдық көлікте тегін жүру құқығы берілген. Олардың қатарында соғыс ардагерлері, зейнеткерлер, көпбалалы аналар мен отбасылар, мүгедектігі бар адамдар және басқа да санаттар бар. Сонымен қатар 2020 жылғы наурыздан бастап елордада оқитын 18 жасқа дейінгі балалар қоғамдық көлікте тегін жүреді.
Әкімдік жүргізген есепке сәйкес, 2026 жылы бір жолаушыны тасымалдаудың орташа құны қолданыстағы тарифтен әлдеқайда жоғары. Осыған байланысты жол ақысын көтеру тасымалдаушылардың шығындарын өтеу, автобустардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету және көлік паркін жаңарту қажеттілігімен түсіндіріліп отыр.