Бастауыш, кейде тіпті тәжірибелі инвесторлар қай компанияның акциясын сатып алу керек деп бас қатырады. Бір қарағанда компанияның табыстылығы акционерлерге төленетін дивидендтің көлеміне, акциясының қымбаттауы мен арзандауына байланысты. Рас, бұдан басқа да критерийлер бар. Сонымен қатар, көп дивиденд төлейтін компанияның қаржылық жағдайы жақсы, ал аз төлесе компанияның жағдайы қиын деуге тағы болмайды.
Сонымен, компанияны қалай таңдаймыз? Бұл сұраққа жауап беру үшін компанияның дивидендіне қатысты бірқатар мәселенің бетін ашып алу керек.
Дивиденд деген не? Оның көлемі қалай анықталады?
Дивиденд – акционерлер (акция иелері) арасында бөлінетін компанияның табысы. Дивиденд көлемі акционерлік қоғамның табысытылығына тікелей байланысты. Дивидендке салық төлеу, резервтік капиталды толтыру, өндірісті көбейту мен топ-менеджерлерге сыйақы төлеу және басқа да шығындардан кейінгі табыстың қалған бөлігі жұмсалады.
Акционерлер жиналысы таза пайданың бір бөлігін ерікті түрде бөлу туралы шешім қабылдамайды. Мұнда директорлар кеңесі бекіткен дивидендтер төлеудің ұсынылған мөлшері басшылыққа алынады. Акционерлер жиналысының дивидендті көтеруге құқығы жоқ, оны тек төмендете алады.
Келесі нормативтік құжат – компанияның дивидендтік саясаты. Ол ең төменгі және ең жоғары төлем мәндерін жазады. Сондықтан сіз белгіленген саясаттан шыға алмайсыз.
Егер кәсіпорын шығынға батса, онда дивиденд төлеу қарастырылмауы мүмкін. Бірақ мынадай жағдайлар да болып қалады: кейде компанияның топ-менеджменті өткен жылдардағы бөлінбеген пайдадан дивидендтер төлеу туралы шешім қабылдауы мүмкін. Тіпті осы мақсатта қарыз алатын кездер де болған. Дивидендтің қаншалықты жиі төленетіні және оның қандай табыстан алынатыны кәсіпорынның дивидендтік саясатында анық жазылады.
Мәселен, компания бір жылда 100 млн теңге табыс тапты делік. Салықтар мен басқа да алымдар үшін 50 млн төленеді. Қалған 50 млн-ды компания мен акционерлер арасында әділ бөлістіру керек. Акционерлер жиынында қаражаттың тең жартысын компанияны дамытуға, яғни қандай да бір қосымша немесе инновациялық құрылғылар сатып алуға, жаңа бөлімшелер ашуға және штат санын кеңейтуге шешім қабылданады. Қалған 25 млн теңге акционерлер арасында үлестіріледі.
Әдетте дивиденд жылына, не тоқсанына бір рет төленіп отырады. Төленетін күн ретінде акционерлер реестрі жабылатын күн белгіленеді. Тіпті акцияны реестр жабылуға бірер күн бұрын алсаңыз да, бүкіл есепті кезең үшін дивиденд иесі атана аласыз. Демек бір жыл бойы акцияны ұстап отырудың қажеттілігі жоқ. Сол себепті бағалы қағаздар құны жыл соңына таман өсіп, жаңа жылдың басында құлдырап жатады.
Дивиденд және жалпы инвестициялау туралы көбірек білуге Freedom Academy көмектеседі – инвестиция әлемін тереңірек тануға курс таңдау үшін тест өтіңіз немесе тегін подкасттардан бастаңыз.
Дивиденд көп төлеген компания және акционер үшін жақсы ма, жаман ба?
Бір қарағанда ұдайы дивиденд төлеп отыру компания үшін жаман, акционер үшін жақсы көрінгенімен, мұның да талқылап, қарастыратын сан қыры бар. Кей жағдайда екеуі үшін де жақсы бола қоймауы мүмкін. Өйткені кейде табыс бизнеске инвестиция болып бармайды да, сәйкесінше акцияның қымбаттау мүмкіндігі азайып кетеді.
Мәселен, табак өнімдерін өндіретін British American Tobacco компаниясы жыл сайынғы 7,97 пайыздық дивиденд төлейді. Бұл көрсеткіш бойынша ол өзінің басты бәсекелестері Altria Group (7,08%) және Philip Morris International (4,72%) компанияларынан да асып түседі. Қаржылық тұрғыда British American Tobacco-ны аяғынан нық тұр деуге болады. Соңғы жылдары компания табысы 25 млрд доллар маңайында жүр. Бірақ компания жұмыс істейтін нарық аясы жылдан жылға тарылып келеді. Оған себеп – адамдардың темекіден біртіндеп бас тартуы.
Телекоммуникация саласындағы алпауыт компания – Telefónica S.A. тек испан тілді елдер аумағында жұмыс істейді және жылына 9,31% деңгейінде дивиденд төлейді. Бұл көрсеткіш осы саладағы өзге компаниялардан әлдеқайда жоғары. Компания табысы жоғары көрінгенімен, соңғы жылдары төмендеу байқалады. 2020 жылы олар 1,58 млрд доллар табыс тапты. Бірақ соңғы жылдары еңсесін қайта тіктеп, табыс мөлшерін 7,7 млрд долларға дейін жеткізе алды. Операциялық табыс өсімі жалпы өсімге себеп болған.
Дегенмен кей жағдайда дивидендтің тым жоғары пайыздық деңгейі акция бағасының құлдырауына да себеп болып жатады. Өйткені инвесторлар бағалы қағаздардың құлдырау қаупін көреді де, оларды тезірек сатып жіберуге тырысады. Мұндайда компанияның акционерлерге беретін ақшасы (дивиденді) өзінің тапқан табысынан да көп болып шығуы мүмкін. Бұл сөзімізге анық мысал – америкалық телекоммуникациялық Lumen Technologies (LUMN) компаниясы. 2021 жылдың тамызында оның дивидендтік табысы доллар бойынша жылдық 8,49%-ды құрады. Бірақ компания шығынға жұмыс істеп жатыр және қарыз көлемі өсуде. Компания дивиденд көлемін қысқартқан сайын акция құны да төмендеп барады.
Бизнес-моделі әлсіз қалыптасқан компанияның тым жомарт дивидендтік саясат ұстануы оның ақыр соңында құлдырауына әкеп соғатынын байқау қиын емес. Бұл жағдай компания тепе-теңдігін бұзып, оның бүкіл тапқан-таянғаны қарызды жабуға және акционерге төлем төлеуге кетеді.
Көп дивиденд төлейтін компаниялар қай салаларда?
Freedom Finance Global сарапшысы Тамерлан Абсалямовтың айтуынша, тарихи тұрғыдан алғанда, кейбір салалар өз акционерлеріне айтарлықтай дивидендтер төлеуге бейім. Бұл салалар белгілі бір негізгі сипаттамаларға ие:
Тұрақты және болжамды табыс: Бұл салалардағы компаниялар көбінесе жетілген бизнес-модельдерге ие және экономикалық жағдайдың құбылуынан көп зардап шекпейді. Бұл оларға дивидендтер түрінде бөлуге болатын тұрақты пайда табуға мүмкіндік береді.
Үлкен капиталдық салымды талап етпейтін бизнес-модель: Мұндай компаниялар, әдетте, өз қызметін қолдау үшін пайданы аз қайта инвестициялауды талап етеді. Бұл акционерлер арасында бөлуге болатын қосымша ақша ағындарын босатады.
Өсім мүмкіндігі шектелген: Кейбір жағдайларда компаниялардың кеңейту немесе қайта инвестициялау мүмкіндіктері шектеулі болуы мүмкін, бұл оларды дивидендтер арқылы акционерлерге капиталды қайтаруды қалайды.
Осы ретте назарларыңызға жоғары дивиденд төлейтін салаларды ұсынамыз:
1. Коммуналдық шаруашылық. Электр энергиясы, газ және су құбырын тартатын компаниялар көп жағдайда тұрақты кіріс пен жоғары дивидендтік кірістілікке ие болады. Коммуналдық кәсіпорындардың орташа дивидендтік кірістілігі 3,5%-ға жуықтайды. Бұл нарық бойынша орташа көрсеткіштен жоғары саналады.
2. Телекоммуникация. Телекоммуникациялық компаниялар тарихи түрде жоғары дивидендтер төлейді, олардың орташа кірістілігі шамамен 4,8%-ды құрайды. Бұл олардың кірістерінің болжамдылығына және қайта инвестициялаудың шектеулі қажеттіліктеріне байланысты.
3. Негізгі тұтынушылық тауарлар. Азық-түлік, сусындар және тұрмыстық тауарлар сияқты қажетті тауарларды шығаратын компаниялар рецессияға салыстырмалы түрде төзімді және тұрақты пайда әкеледі. Негізгі тұтыну тауарларын шығаратын көптеген компаниялар дивидендтердің тартымды кірістілігін ұсынады.
4. Жылжымайтын мүлікке инвестициялық сенімдер (REITs). REITs салық салынатын табысының кем дегенде 90%-ын акционерлерге дивиденд түрінде бөлуге міндетті. Бұл оларды орташа кірістілігі 4%-дан асатын танымал табыс әкелетін инвестицияларға айналдырады.
5. Базалық материалдар. Мұнай мен газды барлау және өнеркәсіптік металдар мен пайдалы қазбаларды өндіру сияқты негізгі материалдар секторының кейбір сегменттері ақша ағындарының айтарлықтай өндірілуіне байланысты жоғары дивидендтік кірісті ұсынады.
6. Энергетика. Коммуналдық қызметтер сияқты, энергетикалық компаниялар көбінесе тұрақты пайда мен өсудің шектеулі мүмкіндіктеріне ие, бұл олардың дивидендтерді төлеуіне басымдық береді.
7. Қаржылық қызметтер. Кейбір қаржылық қызмет көрсететін компаниялар, атап айтқанда сақтандыру компаниялары ұзақ мерзімді инвестициялық көкжиектер мен тұрақты ақша ағындарының арқасында жоғары дивидендтер төлейді.
Маңыздысы, бұл салалар дивидендтердің жоғары кірістілігімен танымал болғанымен, әр сектордағы жеке компаниялар өздерінің дивидендтік саясатында бір-бірінен айтарлықтай ерекшеленуі мүмкін. Сондықтан инвестициялық шешімдер қабылдамас бұрын әрқашан өзіңіздің терең талдауыңыз бен зерттеуіңізге сүйенген дұрыс. Есте сақтау керек жәйт, дивидендтер төлейтін компанияларға инвестиция салу табыс табудың құнды стратегиясы болуы мүмкін, бірақ шешім қабылдамас бұрын сіздің жалпы инвестициялық мақсаттарыңыз бен қолайлы тәуекеліңізді ескеру маңызды.
Қазақстандық қандай компаниялар көп дивиденд төлейді? Не себепті?
Freedom Finance Global сарапшысы Ансар Абуев акционерлеріне ең көп дивиденд төлейтін компаниялар тізімін ұсынады. Биыл өкілдік тізіміне енетін компаниялардың екеуі ғана дивиденд төлемеді, олар – Kcell және БЦК. «Банк ЦентрКредит» дивидендті 2000 жылдан бері төлемей отырса, Kcell соңғы екі жылдан бері акционерлеріне дивиденд бермей келе жатыр.
Қалған қағаздардың ішінде 2 акция тоқсандық дивидендтер төлейд – Kaspi және KEGOC. Қалған эмитенттер жылдық кезеңде бір реттік төлем жасаумен шектеледі. Көбіне көктемнің соңында және жаздың басында.
Таза табыстан айтарлықтай үлесті «ҚазТрансОйл» беріп келе жатыр. Халықтық IPO сәтінен бері компания акционерлеріне 100% немесе одан да көп (бөлістірілмеген табыстың арқасында) үлес беруде. Соңғы тоқсанда KEGOC бірінші жарты жылдық бойынша түскен таза табыстың 87,81%-ын дивиденд төлеуге бағыттады. «Қазатомөнеркәсіп» еркін ақша ағынының 76%-ын төледі. Halyk Bank таза табыстың 50%-ға жуығын жұмсаса, «Қазақтелеком» таза кірісінің 30%-дан аз бөлігін бағыттаған.
Дивидендтік кірістілік бойынша күмәнсіз көшбасшы деп Halyk Bank-ты айта аламыз. Соңғы сауда сессиясында акциялар 15,3%-ға жуық дивидендтік кіріс алып келді. Мұндай нәтижеге «Қазақтелеком» (9%) жақындайды.
Тоқсандық дивидендтерді дұрыс есептеуге мүмкіндік беретін жалпы 12 айлық кірістілік көрсеткіші бойынша дивидендтер бойынша топ келесідей қалыптасады:
- Halyk Bank – 15,8%
- KEGOC – 9,6%
- Қазақтелеком – 8,7%
- Kaspi.kz – 6,4%
- ҚазТрансОйл – 4,5%
- ҚазМұнайГаз – 4,3%
- Қазатомөнеркәсіп – 4,2%
Қорыта айтар болсақ, инвестиция жедел табыс табудың амалы ретінде өте сирек жағдайда қарастырылады. Бұл бағытта ұзақ мерзімді инвестициялаудың мәні биік. Өйткені, шынайы инвестор бүгін-ертеңгі табысты емес, келешектегі кірісті ойлайды. Мұның бәрі инвестициялық білімнің мол болуына және сол білімді игеріп, таразылай алуға тікелей байланысты.
Биржадағы келесі шындық – өзіңіз мейлінше тәуір білетін салалардың ғана компаниясына қаржы құю. Ең бірінші кезекте кәсіпорын ұстанып отырған бизнес-моделдің ерекшелігін, олардың дивидендтік саясатты қаншалықты әділ ұстанатынын, акцияларының бағасы түскен, не көтерілген кезде қандай қадамға баратынын анықтап, сол ақпараттарды саралай білген жөн. Мұның бәрі сіздің тиімді дивиденд алуыңызға тікелей себепші болады.