Алтын бағасының динамикасы туралы

АҚШ пен Қытайдың саяси және экономикалық қарама-қайшылықтары, геосаяси тәуекелдердің өсу қаупі, талдаушылардың әлемдік экономиканың баяулауы жөніндегі алаңдаушылығы және дамыған елдердің орталық банктерінің ынталандырушы монетарлық саясаты алтын бағасының айтарлықтай раллиіне алып келді.
2019 жылдан бастап алтын 60%-ға өсті және өсуін жалғастырып келеді. Қазақстан шетте қалып отырған жоқ және алтын нарығына белсенді қатысады.

2020 жылы алтын бағасы өзінің тарихи максимумын жаңартты және жыл басынан бері 36% өсуді көрсете отырып, 2020 жылғы 7 тамызда троя унциясы үшін $2061,50-ға жетті.

Халықаралық нарықтағы алтынға деген сұраныстың құрылымы туралы

World Gold Council (бұдан әрі – WGC) деректеріне сәйкес, 2020 жылғы 1-ші жарты жылдықта алтынға деген сұраныстың құрылымы былайша қалыптасты:

Егер 2019 жылы сұраныстың едәуір бөлігін нақты сұраныс, атап айтқанда, зергерлік саланың сұранысы (49%), монеталар мен құймаларға деген сұраныс (20%) құраса, сұраныстың шамамен 15%-ын орталық банктер құрады, ал 2020 жылы жағдай өзгерді. Мәселен, пандемия аясында алтынға нақты сұраныстың төмендеуі байқалады, атап айтқанда, ETF қорларының үлесі 9%-дан 24%-ға дейін өскен инвестициялық сұранысқа қарағанда зергерлік сала сұранысының үлесі 49%-дан 36%-ға дейін төмендеді.

Алтынның бірегейлігі оның қаржылық және эстетикалық маңыздылығы мен іс жүзінде өнеркәсіптік мақсатта пайдаланылмайтындығында. Өнеркәсіпте алтын технологиялар секторында қолданылады, 2020 жылы оның үлесі өзгермеген және сұраныстың 7%-ын құрайды.

Соңғы жылдары бірқатар орталық банктердің алтын сатып алу жөніндегі белсенді саясаты алтынның стратегиялық актив болып табылатындығына, елдің резервтерін әртараптандыруға ықпал ететіндігіне және төлем қабілетсіздігінің нөлдік тәуекеліне ие болуына байланысты. Әлемнің орталық банктері тарапынан сұраныс 2020 жылы шамамен сол деңгейде қалды (15%-дан 16%-ға дейін өсті) және ұлттық валюталардың тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін резервтердің толықтырылуымен түсіндіріледі.

Ұлттық банктің операциялары, 2019 жылдың қорытындылары және 2020 жылға арналған жоспарлар туралы

Қазақстан Ұлттық Банкі орталық банктері қорларын бағалы металдармен толықтыратын үздік елдердің тізіміне кіреді.

ҚРҰБ Монетарлық операциялар департаменті директорының орынбасары Иван Сердюктің айтуынша, жалпы 2019 жыл сары металл үшін қолайлы болды.

Жалпы, 2019 жыл сары түсті металл үшін қолайлы болды. 2019 жылдың қорытындысы бойынша алтын бағасы 1 троя унциясы үшін $1282-дан $1523-ға дейін өсті, бұл 2010 жылдан бергі ең жақсы көрсеткіш, бір жыл ішінде 19% өсуді көрсетті және дамушы нарықтардағы облигациялар мен акциялардың әлемдік индекстерінен асып түсті.

И.Сердюктің айтуынша, тарихи тұрғыдан алғанда, геосаяси және экономикалық тұрақсыздық пен белгісіздіктің өсуі кезеңінде жинақ құралдарының ең сенімді құралының бірі ретінде алтынға деген сұраныстың артуы байқалады.

«Егер 2019 жылы сары металл бағасы өсуінің негізгі драйвері АҚШ пен Қытай арасындағы сауда қатынастарының күшеюі, Ұлыбританияның Еуроодақтан (BREXIT) шығуы айналасындағы оқиғалар, әлемнің жетекші орталық банктерінің төмен пайыздық мөлшерлемелер саясаты, сондай-ақ инвесторлардың жаһандық экономикалық өсу қарқыны туралы жалпы алаңдаушылығы болса, 2020 жылы бұл үрдіс жалғасты, ал бүкіл әлемдік экономикаға әсер еткен коронавирус пандемиясының салдары алтынға инвестициялық сұранысты қолдады».

Ұлттық Банк алтын нарығына белсенді қатысады және 2019 жылы мемлекеттің басым құқығын іске асыру шеңберінде жергілікті өндірушілерден шамамен 57 тонна аффинирленген алтын сатып алды, 2020 жылы біз 33 тонна сатып алдық. Біз басым құқықты іске асыруды жалғастырамыз. Өндірушілердің болжамдарына сәйкес 2020 жылы Ұлттық Банк шамамен 60 тонна аффинирленген құйма алтын сатып ала алады.

2020 жылғы 7 тамызда алтын бағасының рекордты күні алтын-валюта резервтері құрамындағы алтын портфелі шамамен 382 тоннаны немесе 25 млрд АҚШ долларын құрады. World Gold Council алдын ала деректері бойынша Қазақстан осы көрсеткіш бойынша әлемде 16-шы позицияда тұр.

«Біз «Kazakhmys Smelting» ЖШС, «Қазмырыш» ЖШС және «Тау-Кен Алтын» ЖШС жергілікті аффинаж зауыттарының қуаттарында өндірілген ұлттық және халықаралық стандарттағы аффинирленген құймалар түріндегі соңғы өнімді ғана сатып алатынымызды айта кету керек. Қазіргі уақытта «Қазмырыш» ЖШС және «Тау-Кен Алтын» ЖШС «London Good Delivery» (LGD) халықаралық стандартты аффинирленген алтынды өндірушілер болып табылады. 2017 жылдан бастап «Тау-Кен Алтын» ЖШС зауыты LGD сертификатын алу бойынша жұмыс жүргізді және 2019 жылғы қыркүйекте ол әлемге танылды. «Kazakhmys Smelting» ЖШС Балқаш зауыты ұлттық стандарттың аффинирленген алтынын өндіреді. Алтын аффинаждалғанға және Ұлттық Банкке сатылғанға дейін шикізатты өндіруден бастап, алтынды алу, өңдеу және мысалы Доре қорытпасына жеткізгенге дейін бірнеше негізгі кезеңдерден өтеді».

Ұлттық Банктің өкілдері алтын өндіру саласын дамытуды және Қазақстанның әлемдік рейтингтегі позициясын жақсартуды ынталандыра отырып, алтынды сатып алуға басым құқықты іске асыруды жалғастыратынын хабарлады.

Халыққа өлшеуіш құймаларын сату бағдарламасы туралы

2017 жылы Ұлттық Банк салмағы 10 грамнан 100 грамға дейінгі аффинирленген алтынның өлшеуіш құймаларын сату және сатып алу жөніндегі бағдарламаны қолданысқа енгізді. 2018 жылғы қарашада салмағы 5 грамм болатын құймалар сатуға шықты.

2017 жылы іске қосылған сәттен бастап 2020 жылғы шілденің соңындағы жағдай бойынша Ұлттық Банк жалпы салмағы 1,2 тонна болатын 34 901 өлшеуіш құйманы өткізді.

«Тек 2019 жылы бағдарлама шеңберінде жалпы салмағы 470 килограмм болатын 15730 аффинирленген алтынның өлшеуіш құймалары сатылды. Оның ішінде банктер жалпы салмағы 329 килограмм болатын 8 000 құйманы, айырбастау пункттері – салмағы 141 килограмм болатын шамамен 7 730 өлшеуіш құйманы сатты. 2020 жылы біз айырбастау пункттерінің алтынды шамамен бірдей көлемде сатуын байқаймыз, ол банктердің сату көлемінен асады. Мәселен, бағдарлама шеңберінде жалпы салмағы 389 килограмм болатын аффинирленген алтынның шамамен 9 375 өлшеуіш құймасы сатылды. Оның ішінде, банктер жалпы салмағы 157 килограмм болатын 3 450 құйманы, айырбастау пункттері - салмағы 232 килограмм болатын шамамен 5 925 өлшеуіш құйманы сатты», – деп хабарлады ҚРҰБ Қолма-қол ақша айналымы департаменті директорының орынбасары Әнуар Қоңырқұлжаев.

Сату статистикасы құймалардың мөлшеріне қатысты халық көзқарасының өзгергенін көрсетті. Мәселен, 2019 жылы салмағы 5 грамм құйма көп танымал болып, халық сатып алған әрбір үшінші құйманың салмағы 5 грамм болса, 2020 жылы салмағы 10 және 100 грамм болатын құймалар халық арасында ең танымал болып отыр.

Ұлттық қордың алтын портфелін қалыптастыру туралы

2019 жылы ҚР Президентінің Жарлығымен Ұлттық қордың қаражатын қалыптастыру және пайдалану тұжырымдамасына Ұлттық қордың жинақ портфелінің активтерін теңгерімді бөлуге көшу шеңберінде жинақ портфелінің 5%-ға дейінгі үлесі бар алтын портфелін қалыптастыруды көздейтін түзетулер енгізілді.

«2019 жылғы тамыздан бастап Ұлттық қордың қаражатын басқару тиімділігін арттыру мақсатында Ұлттық қордың жинақ портфелінің активтерін теңгерімді бөлуге көшу шеңберінде алтын портфелі қалыптастырылды. 2019 жыл ішінде Ұлттық Банк LGD халықаралық сапа стандартының аллокирленген алтынын Ұлттық қорға шамамен 1 млрд АҚШ доллары сомасына кезең-кезеңмен сатуды жүзеге асырды», – деп ҚРҰБ Монетарлық операциялар департаменті директорының орынбасары Батур Вахидов айтты.

2019 жылдың нәтижесі бойынша ҚР Ұлттық қорының жинақ портфелінің құрамындағы алтынның үлесі 1,9%-ды құрады.

2020 жылы Ұлттық Банк алтынды Ұлттық қорға сатуды жалғастырып, тағы 1 млрд АҚШ долларына алтын сатты. 2020 жылғы шілденің соңындағы жағдай бойынша Ұлттық қордың жинақ портфелінің құрамындағы алтынның үлесі алтын құнының өсуін ескере отырып, 4,6%-ды немесе шамамен
2,5 млрд АҚШ долларын құрады.

«Өз табиғаты бойынша алтынға инвестициялар қорғаныс активтерінің бір түрі болып табылады, сол арқылы Ұлттық қор активтерін сақтау міндетіне жауап береді. Бұл ретте, перспективада алтынның үлесі Ұлттық қордың жинақ портфелі көлемінің 5%-нан аспауы тиіс» , – деп баяндады Вахидов.

ЕАЭО-дағы ықпалдастық

2019 жылы Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) аясында алтын нарығын ықпалдастыруда елеулі оқиға орын алды. ЕАЭО аясында бағалы металдармен және асыл тастармен операцияларды жүзеге асыру ерекшеліктері туралы келісімге қол қойылды, ол бойынша 2010 жылдан бастап жұмыс жүргізілді.

Келісім бағалы металдар мен асыл тастар айналысының бірыңғай қағидаларын ғана емес, сонымен қатар зергерлік саладағы құқықтық реттеуді үйлестіру мәселелерін де қамтиды.

Сонымен қатар, Келісім ЕАЭО елдеріне сынамалық таңбаларды өзара тануға мүмкіндік береді деп күтілуде, бұл Одақта зергерлік бұйымдардың еркін айналысын қамтамасыз етеді және бизнес үшін транзакциялық шығасыларды азайтады.

2020 жылы осы Келісімді ратификациялау процесі жүріп жатыр.

Қорытындылай келе, Қазақстанның орталық банкінің алтын нарығына белсенді қатысуын атап өткіміз келеді, ол сыртқы факторлардан туындаған қиындықтарға қарамастан, бағалы металдың ішкі өндірісін ынталандыруды жалғастыруда.