21 ақпан күні Жаңаөзен қаласында Бозжырада туристік нысандар салу бойынша алдын ала қоғамдық тыңдау өтті.
Естеріңәзге сала кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында экологтардан қаймықпай, жеке инвесторларды тарта отырып, Бозжыра сынды еліміздің көрікті жерлерін туризмнің орталығына айналдыруды тапсырған еді.
Осы орайда отандық инвесторлар жеке қаражатына Бозжырада жылына 30-40 мың туристі қабылдай алатын визит орталығын және туристік нысандар салуды көздеп отыр. Жаңа жобаны Шарын, Көлсай, Аюсай сынды туристік аймақтарындағы визит орталықтарының құрылысын жүргізген әлемдік деңгейде тәжірибесі бар отандық компания жасақтаған.
Жоба авторларының айтуы бойынша, орталық барлық экологиялық талаптарды әрі тұрақты туризм принциптерін ескере отырып салынатын болады. Орталық құрылысы 2026 жылдың соңғы шенінде аяқталады деп жоспарланған.
Орталық жиналмалы жеңіл конструкциялардан тұрғызылады, олар терең іргетасты қажет етпейді. Ғимарат мекеннің жер бедеріне қарай 400-ден 1000 мм биікте тұратын болады. Сумен, электрмен жабдықтау және қалдықтарды өңдеу мәселелері қоршаған ортаға мейлінше зиян тигізбейтіндей етіп шешілген. Қалдық суды тазартатын биотазарту жүйелері, қоқысты сұрыптап жинау, күн сәулесімен қоректендіру қарастырылған.
Жоба бойынша шатқалдың жоғарғы бөлігінде қазақи нақышта безендірілген глэмпингтер, мұражай, қарау алаңдары мен шайхана бой көтереді.
Осындай туристік нысандар Бозжыраның төменгі жағынан да бой көтереді. Мұнда этноауыл стилінде туристік қалашық, эко-глэмпингтер мен басқа да туристік нысандар салынбақ. Туристік нысанға дейін жол салынып, тоқ тартылады. Бұл жоба сәтті жүзеге асқан жағдайда тұрақты 70 жаңа жұмыс орны ашылады.