Резиденттердің депозиттік ұйымдардағы депозиттерінің көлемі 2020 жылғы қазанның соңында бір айда 2,6%-ға ұлғайып, 21 937,5 млрд теңге болды. Заңды тұлғалардың депозиттері бір айда 11 599,6 млрд теңгеге дейін 4,1%-ға, жеке тұлғалардың депозиттері – 10 337,9 млрд теңгеге дейін 1,1%-ға өсті.
Ұлттық валютамен депозиттер көлемі бір айда 12 980,7 млрд теңгеге дейін 2,8%-ға, шетел валютасымен – 8 956,8 млрд теңгеге дейін 2,5%-ға ұлғайды. Долларландыру деңгейі 2020 жылғы қазанның соңында 40,8% (2019 жылғы желтоқсанда – 43,1%) болды.
Заңды тұлғалардың ұлттық валютамен депозиттері 2020 жылғы қазанда 6 876,1 млрд теңгеге дейін 3,8%-ға ұлғайды, шетел валютасымен 4 723,5 млрд теңгеге дейін 4,6%-ға ұлғайды (заңды тұлғалар депозиттерінің 40,7%-ы).
Жеке тұлғалардың теңгемен депозиттері 6 104,6 млрд теңгеге дейін 1,6%-ға, шетел валютасымен – 4 233,3 млрд теңгеге дейін 0,2%-ға ұлғайды (жеке тұлғалар депозиттерінің 40,9%-ы).
Мерзімді депозиттердің көлемі бір айда 2,3%-ға ұлғайып, 14 869,7 млрд теңгені құрады. Олардың құрылымында ұлттық валютамен салымдар 8 920,1 млрд теңгені, шетел валютасымен салымдар – 5 949,5 млрд теңгені құрады.
Банктік емес заңды тұлғалардың ұлттық валютамен мерзімді депозиттері бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 7,0% (2019 жылғы қазанда – 7,2%), жеке тұлғалардың депозиттері бойынша – 9,5% (9,2%) болды.