Ұлттық банк базалық пайыздық мөлшерлемені 16,75% деңгейінде сақтап қалды және мұндай шешім қабылдауына бірнеше соқталы себеп бар. Соның бірі де бірегейі – баяулағанына қарамастан инфляцияның әлі де екі таңбалы цифрдан арылмағандығы және әлемдік күрделі ахуал фонында біздің экономикалық өсімнің жоғары боп тұрғандығы. Бұл туралы алдыңғы мақаламызда кеңінен тарқатып, түсіндірген едік.
Инфляцияның бәсеңдеуі – базалық мөлшерлеменің жоғарылығынан
Сонымен, Ұлттық банк базалық пайыздық мөлшерлемені жоғары күйінде сақтап қалды және енді ол тағы біраз уақыт қымбатшылықты бәсеңдетуге жұмыс істеуі тиіс. Жыл басында 20%-ға жеткен инфляцияның бүгінгі 14,6%-ға түсуінің өзі – базалық мөлшерлемені жоғары ұстағанның нәтижесі. Бірқатар сарапшылар талап етіп отырғандай, қазіргі азғантай жетістікке (инфляцияның 14,6% деңгейіне төмендеуі) бола базалық мөлшерлемені құлата салу қисынсыз болар еді. Өйткені инфляцияның қай уақытта қанша пайыз қымбаттап кетерін ешкім де тап басып болжай алмайды. Сондықтан дәл қазір бізге жоғары мөлшерлеменің бола тұрғаны қажет.
Инфляция 20%-ға жетіп, нарыққа үлкен қысым жасап тұрған кезде де «базалық мөлшерлемені түсіру керек» деушілер болған. Алайда Ұлттық банк қатаң ақша-несие саясатын ұстанды және бұл ұстаным пайдалы болды. Біртіндеп нәтижесі де көріне бастады. Инфляцияның қысқа мерзім ішінде 14%-ға дейін төмен түсуі тәуір көрсеткіш. Жоғары мөлшерлемені тағы біраз ұстай тұрсақ, қазіргіден де төмендетуге, сөйтіп бір таңбалы цифрға жетуге болады. Оған анық мүмкіндік бар. Біз базалық мөлшерлемені кез келген уақытта түсіріп үлгереміз. Ал инфляция құнын тап солай түсіре салу оңайға соқпайды.
Күзді күту керек
Айта кетерлік екінші бір жайт – базалық мөлшерлемені төмендетуге Ұлттық банк негізі қарсы емес. Ахуал мұрсат берсе олар мөлшерлемені түсіргісі келеді. Иә, инфляция төмендеп келе жатыр, дегенмен тым жоғары қарқынмен емес. Оның үстіне тауарлар мен қызметтер бағасының қалай құбылғаны жайлы нақтылы дерек жыл соңына қарай нақты көріне бастайды. Қазір момақан болып тұрған коммуналдық қызмет ақысы да күзде көтеріле бастайды. Себебі, былтыр президент жолдауында да айтылғандай, коммуналдық нысан иелері жөндеу жұмыстарын жасауы тиіс, ол үшін мемлекет коммуналды қызметтің құнын көтеруге рұқсат етіп отыр. Коммуналдық қызмет бағасының да инфляцияға әжептәуір үлес қосатыны бесенеден белгілі. Демек, бұл факторды күтпей, ескермей тұрып базалық мөлшерлеме туралы біржақты ойлану да қауіпті болмақ. Жыл соңына қарай биылғы инфляцияның жобасы белгілі бола бастағанда ғана базалық мөлшерлеме туралы шешімді қабылдай бастау қажет.
Бәлкім жылдың екінші жартысында базалық ставканы төмендету мәселесін қарастырамыз дегенді Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматовтың өзі де айтып жүр. Бас банкирдің таяудағы сөздерінен түйгеніміз – төмендетуге қатысты аздаған ықтималдылық бар. Бұл ретте ең бастысы инфляция динамикасына мән беріледі. Базалық ставка туралы шешім қабылдайтын кезде халықтың инфляциялық күтулеріне де айырықша назар аударылатыны түсінікті. Ал халықтың күтулері біртіндеп жұмсарып келеді. Мысалы, 2023 жылдың мамырында жарияланған Ұлттық банк талдауына қарасақ, онда бағаның біртіндеп төмендей бастағаны меңзеледі.
Биыл мамырда тамақ өнімдері бағасының өсімін атап өткен респонденттер үлесі төмендеген, бірақ азық-түліктік емес тауарлар бағасының өсімін айтқандар үлесі шамалы артқан. Жалпы, респонденттердің байқауынша, көптеген позиция бойынша бағаның өзгеруі азайыпты. Олар негізінен жанармай және байланыс пен жолаушылар транспорты бағасының қымбаттағанын аңғарған. Десе де үш айлық төмендеуден кейін тұтынушылық көңіл-күй көтерілген. Кәсіпорындардың да бағаға қатысты күтуі баяулап жатыр. Биыл бірінші тоқсанда кәсіпорындардың дайын өнімдері бағасының өсу қарқыны жалпы экономика бойынша да, сала бойынша да баяулауын жалғастырды. Екінші тоқсанда кәсіпорындар бағаның әрі қарайғы баяулауын күтіп отыр.
Осыған қарап Ұлттық банктің базалық ставканы төмендету саясатының да ауылы алыс емес шығар деп топшылауға болатындай. Оның үстіне Ғалымжан Пірматов өткен баспасөз мәслихаттарының бірінде «біздің жаңартылған болжамымыз бойынша 2023 жылы инфляция – 11-14 пайыз, 2024 жылы – 9-11 пайыз және 2025 жылы – 5,5-7,5 пайыз болады», деді. Сондықтан алдағы уақытта инфляция белсенді төмендеуі тиіс. Оған сөзсіз, қазіргі жоғары базалық мөлшерлеме әсер етіп тұр.
Базалық мөлшерлемені банктер көтеріп отыр ма?
Тағы бір атап өтерлік мәселе – кей ақпарат құралдары базалық ставканы көтеруді екінші деңгейлі банктердің лоббиіне теліп, мақала жазды. Яғни, ставка көтерілген сайын несие пайызы да қымбаттайды, сөйтіп олар бұрынғыдан да молырақ пайда көреді деген ойды таңғысы келеді. Алайда біз бұл пікірді теріске шығарар едік. Базалық ставканың төмендеуі ең бірінші кезекте сол банктердің өзі үшін пайдалы. Өйткені олардың ҰБ белгілеген базалық ставкаға қосатын пайызы өзгермейді, былай айтқанда маржа шамалас. Керісінше, базалық ставка арзандап, соған сай несие пайызы да төмендеп, халықтың мейлінше көбірек несие рәсімдегені тиімді қаржы институттары үшін. Сондықтан қымбат мөлшерлеме банктердің қолайына жағып отыр деген пікірмен келіспес едік.
Тамыздан бастап төмендеуі тиіс
Жалпы алғанда, біздің болжамымыз бойынша келесі – тамызда қабылданатын шешімде Ұлттық банк базалық ставканы 0,50 пайыздық тармаққа, яғни 16,75-тен 16,25 пайызға түсіруі мүмкін. Ұлттық банк ұстанған саясат осыған алып келе жатқандай. Бұл азық-түлік пен жеміс-жидек өнімдеріне қатысты жазғы кезеңнің аяқталар, жылыту маусымы мен жаңа оқу жылы басталар сәтіндегі өліара кезең. Бұл кезеңде кез келген дүние асты-үстіне шығып өзгеріп сала беруі ықтимал. Сондықтан 0,50% ғана түсіру жөн болмақ. Мұны ықтимал тәуекелдер қарсаңындағы аяқты аңдап басу процесі дер едік. Ал одан кейін жағдайды толық бақылаған соң барып, нақты, сенімді шешім қабылдауға да мүмкіндік туады.
Айта кетейік, Ұлттық банк қатаң ақша-несие саясатын 2021 жылдың шілдесінде бастады – 9-дан 9,25 пайызға көтерді. Содан бері тек ілгерілеумен келеді. Мамырда да, осы жолы да 16,75 пайыз деңгейінде сақтады. Базалық пайыздық мөлшерлеме бойынша келесі шешімді Ұлттық банк 25 тамызда қабылдайды.