2025 жылдың басында 7,1% деңгейінде болған нақты пайыздық мөлшерлеме қыркүйекке қарай 3,6%-ға дейін төмендеді. Бұл – инфляцияның үдеуі мен базалық мөлшерлеменің өзгеріссіз қалуының нәтижесі. Бұл туралы Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы хабарлады.
Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының есебінде атап өтілгендей, қыркүйектегі жылдық инфляция кейінгі екі жылдағы ең жоғары деңгейге жетті, сондықтан 10 қазандағы Ұлттық банк отырысында ақша-несие саясаты қатаңдауы мүмкін. Егер бұл шешім қабылданса, нақты ставка 4,25–4,5% аралығына көтерілуі ықтимал.
Ақша нарығындағы тұрақсыздық: TONIA өсіп отыр
Қыркүйекте TONIA мөлшерлемесі базалық мөлшерлеме коридорының ортасына дейін көтеріліп, 15,7% деңгейінде қалыптасты. Бұл көрсеткіш инфляцияны (12,9%) және қатысушылардың доллар бағамының 2026 жылға дейін доллар 565 теңге (+2,9%) деңгейіне өсетіні жөніндегі болжамына сай келеді.
Сонымен қатар Ұлттық банктің ашық позициясы 7 трлн теңгеден 5,5 трлн теңгеге дейін азайған, ал міндетті резервтік талаптардың күшеюі нарықтағы өтімділікті қысқартты.
Банктердің маржасы қысқарды
Пайыздық спрэдердің төмендеуі банктердің табысына тікелей әсер етіп жатыр.
• Корпоративтік несиелер мен депозиттер арасындағы айырма 4,1%-дан 3,6%-ға дейін қысқарды.
• Жеке тұлғалар өнімдері бойынша спрэд 7,8%-дан 6,7%-ға дейін төмендеді.
Банк секторы үшін бұл – пайыздық маржаның азаюы, яғни несие мен депозит арасындағы табыс айырмашылығының тарылуы. Сарапшылардың пікірінше, мұндай жағдай банктердің несиелік саясатын барынша сақтықпен жүргізуге мәжбүрлейді.
Қарыз нарығы: табыстылық өсіп, тәуекелдер артып жатыр
2025 жылы корпоративтік облигациялар табыстылығының индексі (KASE_BMY) жыл бойы өсіп, базалық мөлшерлеме деңгейіне жақындады. Бұл корпоративтік қағаздар бойынша тәуекел сыйақысының артқанын және жаңа орналастыруларға кедергілердің көбейгенін білдіреді.
Сонымен қатар мемлекеттік бағалы қағаздардың, әсіресе ұзақмерзімді ноталар мен облигациялар бойынша табыстылығы да артты. Салық режиміндегі өзгерістер де нарыққа қосымша қысым жасап отыр.
Экономика қымбат ақша кезеңінде
Бүгінгі тенденциялар Қазақстанның қымбат ақша дәуіріне кіргенін көрсетеді:
• Ақша-несие саясаты қатаң күйінде қалып отыр;
• Банктердің маржасы қысқарып жатыр;
• Қарыз нарығы тәуекел сыйақысын өсіріп жатыр.
Талдау: несиелік белсенділік тежелуі мүмкін
Қаржыгерлер қауымдастығы сарапшыларының мәліметінше, нақты ставка 3,6% дейін төмендегенімен, бұл кейінгі он жылдағы орташа деңгеймен (3,0%) шамалас. Бірақ номиналды мөлшерлемелер әлі де жоғары және Ұлттық банк саясаты қатаңдаса, олар одан әрі өсуі мүмкін.
Сонымен қатар қатаң резервтік талаптар қыркүйек айында банктердің өтімділігін 1,5 трлн теңгеге азайтты. Бұл жағдай депозиттердің қымбаттауына, ал несие табыстылығының баяу өсуіне әкеліп отыр. Нәтижесінде банктердің табысы төмендеп, рентабельділік қысқарды.
Экономистердің болжамынша, бұл процесс жалғаса берсе, банктер несиелеуді азайтып, қаржыландыру тәуекелін клиенттерге жүктеуі мүмкін. Мұндай сценарий инвестициялық белсенділіктің бәсеңдеуіне және экономиканың баяулауына соқтыруы ықтимал.
Шешім: инфляциялық күтім мен девальвацияны тежеу
Нарықтағы тұрақтанудың басты шарты – инфляция мен девальвация күтімін төмендету. Егер бұл бағытта оң өзгеріс болса, пайыздық ставкалар біртіндеп төмендеп, экономиканың инвестициялық тартымдылығы артады.