Президент Қасым-Жомарт Тоқаев банктер туралы, сондай-ақ қаржы нарығын реттеу мен дамыту, байланыс және банкроттық мәселелері бойынша бірқатар заңға қол қойды, деп хабарлайды Ақорда.
Жаңа нормалар қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, алаяқтықпен күресуге және қазақстандықтардың қарыз жүктемесін азайтуға бағытталған.
Банкроттық пен қарыз жүктемесі
Соттан тыс банкроттық рәсімі жеделдейді. 5 жылдан астам уақыт бойы берешегін өтей алмай жүрген, қарызы 1 600 АЕК-тен (6,9 млн теңге) аспайтын адамдар банкроттық рәсімін бір ай ішінде өткізе алады.
Жеке тұлғалардың берешегін коллекторларға сатуға салынған тыйым 2027 жылғы 1 мамырға дейін ұзартылды.
Бірнеше қаржы ұйымына қарызы бар борышкерлер Қаржы омбудсмені қызметі жанындағы платформа арқылы берешегін реттей алады.
Қаржы қызметтері
Түзетулер ағымдағы шоттарға сыйақы төлеуге салынған тыйымды алып тастайды. Банктер клиенттердің ағымдағы шоттарына қайтадан жылдық 1%-ға дейін сыйақы қоса алады. Бұл қолма-қол емес жинақтардың тартымдылығын арттырып, банктер арасындағы бәсекелестікті күшейтеді.
Сақтандыру операциялары жеңілдейді: Сақтандыру шарттарын онлайн түрде бұзуға немесе мерзімінен бұрын тоқтатуға болады; Несиені мерзімінен бұрын өтеген жағдайда, сақтандырушылар сыйлықақының бір бөлігін 5 жұмыс күні ішінде қайтаруға міндетті.
Алаяқтармен күрес
Алаяқтыққа тосқауыл қою үшін бөгде адамдардың атына несие рәсімдеуді қиындататын талаптар енгізілді. Бұл нормалар жалған құжаттарды пайдалану, ұрланған телефондар және азаматтардың құрылғыларына қашықтан қол жеткізу тәуекелдерін барынша азайтуға тиіс: Банктен алғаш рет шот ашқанда биометрия Ұлттық банктің биометрия жүйесі арқылы жүргізіледі; Алғаш рет несие алғанда – биометрия тек банктің немесе МҚҰ-ның бөлімшесіне жеке бару арқылы жасалады; Электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) жасау – тек клиенттің келісімімен және міндетті биометриядан кейін ғана мүмкін болады.
Сонымен қатар қаскөйлер бір адамның атынан бірнеше жерге бірден өтінім беретін схемаларға да шектеу қойылды: Бір сағат ішінде әртүрлі банктерден немесе МҚҰ-лардан бірнеше несие рәсімдеуге тыйым салынады; Банктер, МҚҰ және несие бюролары арасындағы жедел мәлімет алмасу талаптары күшейтіледі; Несие бюролары Ұлттық банктің Антифрод-орталығына мүше болып, көптеген өтінімдер туралы деректерді беруге міндеттеледі.
Криптовалютаға қатысты өзгерістер
Криптовалюталардың криптопровайдерлер арқылы заңды айналымы кеңейеді. «Криптоайырбастаушылар» мәртебесі белгіленеді. Мемлекеттік цифрлық активтерді басқару тиімділігін арттыру үшін Ұлттық стратегиялық крипторезерв құру қарастырылған.
Ислам терезелері
Кәдімгі банктерге исламдық банкинг бөлімшелерін ашуға рұқсат беріледі.
«Қаржыландырудың балама тетіктерін дамыту үшін біз әмбебап банктерге қолданыстағы лицензия аясында исламдық банк операцияларын жүргізу құқығын беруді ұсынамыз», – деді Қаржы нарығын реттеу және дамыту басшысы Мәдина Әбілқасымова.
Мұндай бөлімшелердің активтері бөлек есептеледі, жеке қызметкерлер командасы және аудиті болады. Арнайы кеңес қаржы өнімдерінің шариат заңдарына сәйкестігін бағалайды.
Басктерді басқару мәселелері
Тәуелсіз директорлардың рөлі күшейтіледі: олардың директорлар кеңесінде жұмыс істеу мерзімі тоғыз жылмен шектеледі. Банктерге берешек есебінен алынған мүлікті өз балансында 3 жылдан артық ұстауға тыйым салынады. Бұл активтердің экономикаға тезірек қайтарылуы үшін жасалған.
Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне екінші деңгейлі банктер де жіберіледі. Қазір бұл бағытта тек Отбасы банкі қана жұмыс істейді.
Проблемалық банктер
Төлем қабілеті жоқ банктерді реттеу тетігі енгізіледі. Банктер жыл сайын сауықтыру жоспарларын әзірлеуге, ал жүйе құраушы банктер — сыртқы көмексіз шығындарды өтеу үшін төзімділік қорын сақтауға міндетті.
Сондай-ақ, банктік лицензияның екі түрі енгізіледі: базалық және әмбебап. Базалық лицензиясы бар банктер резидент еместер мен аффилиирленген тұлғаларды несиелей алмайды.