Jusan-ның білікті IT мамандары «Auyl.go» жобасының аясында кезекті елді мекенге барып, оқушылар үшін тегін шеберлік сағатын өткізіп қайтты. Екі күндік тренинг барысында балалар бағдарламалаудың қыр-сыры мен интерактивті сайт құрастыруды үйренді.
Осымен үшінші рет ұйымдастырылып отырған жоба аясында мамандар Алматы облысы Есік қаласына барып қайтты. Ұйымдастырушылардың сөзінше, бұл жолы балаларды оқытуға 9 адам атсалысқан.
«Негізі ауыл балалары өскенде дәрігер, ұстаз немесе спортшы болғылары келетінін айтады. Бұл жобаның аясында біз оларға IT мамандығы жайлы толығырақ айтып қана қоймай, IT-дің шын мәнінде не екенін түсіну үшін практикалық сабақтарға негізделген тренинг өткіземіз. Сонымен қатар қатысушыларға IT компаниялардағы мәдениетті, бұл мамандық иелері үшін қандай мүмкіндіктер барын айтып береміз», – дейді жоба ұйымдастырушыларының бірі, Jusan Bank-тің цифрлық өнімдер департаментінің маманы Қайрат Садықов.
Айтуынша, тренингке жоғары сынып оқушылары қатысқан. Олардың барлығы дерлік шеберлік сағатына қатысуға өздері өтініш білдірген.
«Тренингке 15 оқушы қатысты. Меніңше, шалғай аймақтағы кішігірім мектепте осынша бала жинай алғанымыз қуантарлық жағдай. Барлығы да бағдарламалаудың бастапқы курсынан өткені туралы сертификатқа ие болды. Балалар сабаққа қызығушылық танытып, практикалық тұрғыдан көп нәрсе үйренді. Ең бастысы, оларға әрі қарай бұл саладағы білімдерін арттыруға шабыт сыйлай алдық. Қазір тренингке қатысқандардың әрбірінде жеке портфолио-сайттары бар. Қажет кезде оны өздері өңдей алады», – дейді Қайрат Садықов.
Жоба бастамашыларының бірі Абзал Қожахмет «Auyl.go» жобасы Jusan-ның «Әрбіріңізге сенеміз» деген ұстанымына негізделгенін сөз етті. Оның айтуынша, олардың басты мақсаты – ауылдағы балаларына IT-дің не екенін түсіндіру, олардың осы салаға деген ынтасын ашу.
«Негізігі идея – ауыл балаларын бағдарламалауға баулу болды. Себебі баршамызға белгілі олардың көп мүмкіндіктерге қолдары жете бермейді. Меніңше, Қазақстанды биікке шығаратын да осы IT саласы. Сондықтан бұл мамандықтың елімізде өріс алуына жағдай жасауымыз қажет. Өз басым жеткіншектер мамандық таңдағанда IT мен бағдарламалаудың не екенін түсінгенін қаладым. Егер қандай да бір түсінік пен қызығушылық болса, онда әрі қарай YouTube-тен видеосабақ көрсе де, өздері үйреніп алады», - дейді ол.
Еске салсақ, бұған дейін ұйымдастырушылар «Auyl.go» жобасының аясында Алматы облысындағы Қарасаз ауылы мен Жамбыл облысындағы Талапты елді мекеніне барып қайтқан еді. Шеберлік сағатынан кейін оқушылар ауыл мен мектептің жеке сайттарын құрастырып шыққан.