Қазақстанда жақын арада астықты сыртқы нарықтарға тасымалдау шығынының бір бөлігіне өтемақы енгізу жоспарлануда. Осылайша, Үкімет ағымдағы жылы рекордтық көлемде жиналған астық экспортын қолдайды. Вице-премьер Серік Жұманғарин Мәжіліс депутаттарының сұрауына жауап бере отырып, қандай бағыттарға субсидиялар енгізілетіні туралы айтып берді.

Вице-премьердің ақпараты бойынша, астықты келесі бағыттар бойынша экспортқа тасымалдау бойынша шығыстарды өтеу жоспарлануда:

  • Әзірбайжанға;
  • Азов, Балтық және Қара теңіз порттары арқылы Еуропалық Одақ елдеріне, Солтүстік Африкаға;
  • Иранға;
  • Түрікменстан арқылы транзитпен Ауғанстанға;
  • Қытай арқылы транзитпен Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне.

Сондай-ақ, қазақстандық астықты дәстүрлі нарықтарға да, жаңа бағыттарға да жеткізуді ұйымдастыру бойынша жұмыстар жүргізілуде.

«Қытайдың COFCO компаниясымен 200 мың тонна бидай жеткізу мәселесі пысықталуда. Иранның Fawakeh компаниясымен 200 мың тонна көлемінде арпа жеткізу бойынша шарт жасалды. Балтық теңізінің порттары арқылы Еуропа елдеріне 400 мың тонна көлемінде бидай жеткізуге алдын ала келісімшарт жасалды. Ears International For Trade Co. (Мысыр) компаниясымен 300 мың тонна көлемінде бидай жеткізу туралы келісім жасалды», — деді Серік Жұманғарин.

Ол бүгінде Қытай компанияның бонд аймағында болуына қарамастан, импортқа бөлінген квоталар шегінде қазақстандық бидайды қабылдайтынын атап өтті.

Сондай-ақ, вице-премьер Ауыл шаруашылығы министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен (Сауда министрлігі және Ұлттық экономика министрлігі) бірлесіп Ресей Федерациясының уәкілетті органдарымен қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерін, оның ішінде дәнді, бұршақ және майлы дақылдарды Еуропа нарықтарына одан әрі экспорттау үшін Ресей арқылы әкелуге және транзитке уақытша шектеулерді алып тастау үшін жұмыс жүргізіп жатқанын хабарлады.