Биыл қарашада Маңғыстау облысындағы Каспий теңізінің жағалауында Ақтау портының өткізу қабілетін жылына 240 мың ЖФЭ-ге дейін арттыруға мүмкіндік беретін алғашқы контейнерлік хабтың құрылысы басталды. Жобаны «Ляньюньган порты» АҚ және Ақтау теңіз сауда порты бірлесіп жүзеге асыруда. 

Бұл жоба — елдің халықаралық логистикалық жүйедегі ұстанымын арттырады және көлік-логистикалық саланың әлеуетін кеңейтеді. Нақтырақ айтсақ, хаб құрылысы  Әзірбайжан, Грузия, Түркия арқылы Транскаспий бағытында контейнерлерді тасымалдауды ұлғайтуға және Қытайдан Еуропаға келетін транзиттік жүктердің бір бөлігін қайта бағдарлауға мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта 20-дан астам арнайы техниканың көмегімен жердегі учаскені вертикальды жоспарлау бойынша жұмыс жасалып жатыр. 

Айта кетейік, бүгінгі таңда теңіз порттары арқылы контейнерлік тасымалдар бойынша көрсеткіш 84% - ға артып, 58 мың ЖФЭ құрап отыр. Бұл ретте Транскаспий халықаралық көлік бағыты (ТХТМ) бойынша контейнерлік тасымалдардың өсуі 2,7 есе байқалады.

Аталған жұмыстарды 2025 жылдың ортасында аяқтау жоспарланып отыр.