Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин 18 қарашада Мәжілістің отырысында 2025 жылдан бастап шаруаларға қаржылай субсидия берілмейтінін мәлімдеді. Оның айтуынша, мұндай шешімді үкімет қаржы тапшылығына байланысты қабылдаған. Субсидиялардың орнына шаруаларға 5 пайызбен несие берілмек.

«Келесі жылы біз қаржылық субсидия бермейміз. 5 пайыздан аспайтын несие береміз, болды. Себебі қаржы жоқ, субсидия бермейміз. Келесі жылы жабамыз», — деді Жұманғарин.

Айтпақшы, шаруалар үшін несиені де жаппай ұзарту болмайды. Ауыл шаруашылығы министрлігінің басшысы Айдарбек Сапаровтың айтуынша, әрбір шаруаға жеке тәсіл қолданылады.

«Біз оны үшінші жыл ұзартып келеміз. Ақша бюджеттен беріледі және қайтарылуы керек. Біз әр шаруаны жеке қарастырамыз», — деді ол.

5,1 млрд теңгеден астам несие алуға 119 шаруа қожалығының өтініші келіп түскенін айтқан министр келіп түскен өтініштерді «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі жеке тәртіпте қарайтынын айтты.

2023 жылы жауын-шашын мол өнім алуға мүмкіндік бермегендіктен, шаруа қожалықтарында көктеп шыққан астық көп болғандықтан, шаруалар несие беруді сұраған. 2024 жылы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері сұранысты қайталады. Оған астық сата алмау және субсидия бойынша қарыз себеп болды.