Мемлекет басшысы Премьер-Министр Асқар Маминді қабылдады, деп хабарлайды Ақорда.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа еліміздегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуал, астық жинау науқаны, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру шаралары, инвестиция тарту жұмыстары және әлеуметтік-экономикалық дамудың басқа да өзекті мәселелері туралы есеп берілді.
Премьер-Министр Президентке эпидемиологиялық жағдайдың тұрақталғаны туралы баяндады. Үкіметтің мәліметіне сәйкес соңғы айда еліміз бойынша коронавирус жұқтыру көрсеткіші 1,7 есеге азайған. Аурудың өршу деңгейі – 0,94, жұқпалы аурулар бөлімдерінің 34 пайызында, жан сақтау бөлімшелерінің 32 пайызында науқастар ем қабылдап жатыр.
Мемлекет басшысына халыққа екпе салу жұмыстары жоспарлы түрде жалғасып жатқаны айтылды. Асқар Маминнің мәліметі бойынша, қазіргі таңда екпенің бірінші компоненті 7,7 миллион, екінші компоненті 6,7 миллион адамға салынған. Осы жылдың IV тоқсанында Pfizer вакцинасының 4 миллион дозасы жеткізілмек. Жалпы жыл соңына дейін 13,3 миллионнан астам азаматтың QazVaс, Спутник V, Sinopharm, Hayat-Vax, SinoVac және Pfizer вакциналарын салдыруға мүмкіндігі болады.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаевқа тұмауға қарсы вакцина салу жұмыстары жөнінде айтылды. Бүгінге дейін 694 мыңнан астам адам екпе алған. Жалпы 2,5 миллион адамға екпе егу жоспарланып отыр.
Асқар Мамин Президентке астық жинау науқанының барысы, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру үшін жүргізіліп жатқан жұмыстар, инфляцияға қарсы қабылданған шаралар кешенін жүзеге асыру туралы да баяндады.
Мемлекет басшысына экономиканың перспективті салаларына сапалы инвестиция тарту мәселесі жөнінде мәлімет берілді. Үкімет шетелден тікелей тартылатын инвестиция көлемін 30 миллиард АҚШ долларына дейін жеткізу және 2025 жылға қарай жалпы ішкі өнімнің негізгі капиталындағы инвестицияның үлесін 30 пайызға дейін арттыру жұмыстарын жүргізуде.