2 миллионға жуық қарыз алушының қарыздары бойынша мерзімі кейінге қалдырылды және 1,5 мыңға жуық несиелер жеңілдікпен кредиттеу бағдарламасы бойынша кредит алуға мақұлдаудан өтті, деп хабарлайды Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі.
Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі халықты және бизнесті қолдау жөніндегі шаралардың орындалуын мониторингтеуді жалғастыруда.
2020 жылғы 2 маусымдағы жағдай бойынша екінші деңгейдегі банктер және өзге кредиттік ұйымдармен төлемдерді тоқтата тұруға 265,8 млрд теңге сомаға 1 883 111 жеке тұлға, оның ішінде 42 млрд теңге сомаға халықтың әлеуметтік осал топтарының 345
мыңнан астам өкілі мақұлдау алды. Бұл қарызданушы жеке тұлғалардың жалпы санының 34% құрады.
Сондай-ақ 12 411 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі 164,6 млрд теңге сомаға немесе шағын және орта бизнес субъектілерінің 41,6% төлеу мерзімін кейінге қалдырды.
Қалған өтінімдер қаралуда және 10 жұмыс күні ішінде олар бойынша тиісті шешімдер қабылданатын болады.
Кәсіпкерлерді жеңілдікпен кредиттеу бағдарламасы шеңберінде қаражатты игеру мониторингі Екінші деңгейдегі банктерден алынған деректер бойынша 2020 жылғы 2 маусымда шағын және орта бизнес субъектілері және дара кәсіпкерлерге 187,8 млрд теңге сомаға 1336 қарыз мақұлданды.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Ұлттық Банк Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін жеңілдікпен кредиттеу бағдарламасын әзірледі. Осы Бағдарламаны іске асыру үшін екінші деңгейдегі банктерге шартты салымдар орналастыру арқылы шағын және орта бизнес субъектілеріне және дара кәсіпкерлерге 600 млрд. теңге бөлінді.
Бизнесті қолдау тетігі екінші деңгейдегі банктердің төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты зардап шеккен шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне, дара кәсіпкерлерге айналым капиталын толықтыру үшін 12 айға дейінгі мерзімде жылдық 8%-дан аспайтын мөлшерлеме бойынша жеңілдікпен кредит беру арқылы іске асырылады.
Екінші деңгейдегі банктердің қаражатты игеру мерзімі 3 айды құрайды.
1) Ақша қаражаты ШОК субъектілеріне кредит беруге бағытталуға тиіс.
2) Бір қарыз алушыға лимит: шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері заңды тұлғалар үшін – 3 млрд теңгеден аспайды; дара кәсіпкерлер үшін – 50 млн теңгеден аспайды.
3) Айналым капиталын толықтыруға кредит қарыз алушының банктік шотына аударылады және қарыз алушы тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер үшін ақы төлеуге, салықтар төлеуге арналған төлемдерді және бюджетке басқа да төлемдерді жүзеге асырады.