Мемлекет басшысы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Асхат Жұмағалиды қабылдады
Асхат Жұмағалидың айтуынша, жоғары лауазымды тұлғалардың қатысы бар қылмыстардың жолын кесу жұмыстары жалғасып жатыр;
- ведомство 2022 жылдан бастап мемлекет пен квазимемлекеттік сектор субъектілеріне 1 трлн 90 млрд теңге сомасында мүліктік активтер мен қаражаттың қайтарылуын қамтамасыз еткенін айтты. Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына 153,3 млрд теңге аударылған. Осы қаржыға қазірдің өзінде 50-ден астам мектеп ашылған. Сондай-ақ тағы 30 білім ошағын салу жоспарланған;
- бұған дейін берген тапсырмалардың орындалу барысы туралы баяндады:
Агенттік Ұлттық банкпен және Қаржы министрлігімен бірлесіп, «Цифрлық теңге» платформасы арқылы жүзеге асыратын «ақшаны бояу» жобасын іске қосқан;
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасына мониторинг жасалып жатқанын жеткізді. Тексеру барысында қаражатты тиімсіз пайдалануға және нысандарды тапсыру уақытын кешіктіруге себеп болатын сыбайлас жемқорлық тәуекелдері талданады.
Педагогтердің еңбекақы қорынан миллиардтаған қаржы жымқыруға жол берген сыбайлас жемқорлық факторларын жою шаралары туралы айтылды.
Биыл Агенттіктің бастамасымен бюджет процестерін автоматтандыруға, Қазынашылықты білім беру мекемелерінің есеп жүйелерімен интеграциялауға, төлем құжаттарына қол қою кезінде биометрияны пайдалануға бағытталған цифрлық шешімдер енгізілген.
Халықаралық қатынастар, кадр саясаты, нормативтік-құқықтық актілер әзірлеу процесі секілді ведомствоның басқа да басты бағыттары бойынша атқарылған жұмыстар туралы ақпарат берді.