Көптеген бағыттар Абай ауданы арқылы өтеді, облыс Ресей және Қытаймен шектеседі. Бұл мүмкіндіктерді ұтымды пайдалану үшін жолдар сапалы әрі қауіпсіз болуы керек. Бұл туралы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев облыс жұртшылығымен кездесуінде айтты.
«Еліміздің көлік әлеуетін дамыту үшін Қытайға Бақты арқылы теміржол желісін салуды жоспарлап отырмыз. Біз бұл темір жолды міндетті түрде салуымыз керек. Үкімет бұл мәселені қарап жатыр. Облыста «құрғақ порт», «логистикалық парк» құрып, көлік дәліздерін дамыту қажет. Семей арқылы халықаралық маңызы бар тас жол өтеді. Сондықтан бірінші кезекте қаладағы екі көпірді жөндеу қажет», - деді Мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысы биыл қалада жаңа көпір құрылысы басталғанын еске салды. Үкімет облыс әкімдігімен бірлесе отырып, оны үш жылда аяқтауы керек. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев аспалы көпірге күрделі жөндеу жұмыстарын ұйымдастыруды тапсырды.
«Семей қаласының инфрақұрылымы өте тозған. Жазда ыстық су жоқ, ал қыста үйлер жылымайды. Жылу электр станцияларының зиянды қалдықтары қаланың ауасын қатты ластауда. Бұл мәселелерді түпкілікті шешудің уақыты келді. Сондықтан Үкіметке әкімдікпен бірлесіп, Семейде заманауи жылу электр орталығын салып, инфрақұрылымды жаңғырту мәселесін қарастыруды тапсырамын. Бұл жоба халықтың өмір сүру сапасына және өңірдің экологиялық жағдайына оң әсер ететіні сөзсіз», - деді ол.