Автор: Асан Құрманбеков, Halyk Finance

Желтоқсан айында инфляция динамикасы бағаның айлық өсімінің 0,9%-ға дейін аздап көтерілуімен сипатталды. Жыл соңына қарай азық-түлік тауарлары тобында инфляция жеделдеді, сондай-ақ тарифтердің тоқтатылғанына қарамастан, ақылы қызметтер құнының өсуі таңғалдырды, ал азық-түлік емес тауарлар баяулау қарқынын жалғастырды. Сонымен қатар жылдық көрсеткіштің 12,3%-ға дейін баяулауы тіркелді, бұл 2025 жылға арналған өткен болжамдарымызға сәйкес келеді.

Біз бұрынғы болжамымызды өзгертпейміз: биыл инфляция жоғары екі таңбалы деңгейде сақталып, жыл соңына қарай 10,5-11,5%-ға жетеді. Келесі жылы инфляцияны мына факторлар тежейтін болады: бюджет шығындары динамикасының инфляциядан төмен деңгейде болуы, салықтардың көтерілуі экономикалық өсімнің баяулауы аясында сұранысты суытады, тұтынушылық несиелердің өсу қарқынын баяулату бойынша реттеуші шаралар, жоғары базалық мөлшерлеме және Ресейде рубльдің әлсіреуі азық-түлік инфляциясын төмендетеді.

Өз кезегінде, инфляциялық қысымның жоғары болуына мыналар ықпал етеді: ҚҚС мөлшерлемесінің өсуі, 8 трлн теңге көлеміндегі қомақты квазифискалдық қаржыландыру, ТҮКШ тарифтері мен отын бағасын либерализациялау саясатының жалғасуы және теңгенің долларға шаққандағы біртіндеп әлсіреуі.

ҚР Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, желтоқсан айында тұтынушылық инфляция айлық көрсеткіште 0,9%-ға дейін аздап жеделдеп, қатарынан екінші ай бойы өсті. Жоғары инфляциялық фонға негізгі үлесті азық-түлік өнімдері қосты, олар бір айда бірден 1,2% қымбаттап, өткен жылдың екінші тоқсанынан бергі ең жоғары өсімді көрсетті. Сондай-ақ, тарифтер негізгі компонент саналатын ақылы қызметтер бағасының өсу қарқыны да қатарынан екінші ай бойы таңғалдырарлықтай жеделдеді. Мәселен, қазанда олар 0,8% төмендеп, қарашада тек 0,3% қосса, желтоқсанда бір айда екі есеге, яғни 0,6% дейін артты. Тарифтер толығымен мемлекетпен реттелетінін ескерсек, атап айтқанда, қазанда ТҮКШ тарифтері 3,5%, қарашада тағы 0,3% қысқарған еді, бірақ желтоқсанда кенеттен бірден 0,6%-дық өсімге көшті, бұл біршама қисынсыз көрінеді. Бұл инфляцияның айлық динамикасының жеделдеуіне түрткі болғаны сөзсіз.

Азық-түлік емес тауарлардың бағасы, керісінше, тамыз-қазан айларындағы айына 1%-дан асатын қысқа мерзімді секірістен кейін үшінші ай қатарынан төмендеу траекториясында болып, 0,7%-ға дейін баяулады. Азық-түлік емес инфляцияның баяулауына қараша мен желтоқсан айларындағы теңгенің долларға шаққандағы нығаюы әсер еткен болса керек.

2025 жылдың басында инфляцияның өршуіне ТҮКШ тарифтері мен ЖЖМ бағасының көтерілуі, сондай-ақ 2024 жылдың екінші жартысынан бастап ұлттық валюта бағамының біртіндеп әлсіреуі себеп болды. Сонымен қатар Ұлттық қор қаражаты есебінен артық фискалдық интервенциялар қолайлы фон болды, ал сыртқы нарықтардағы азық-түлік бағасы салыстырмалы түрде қалыпты өсті. Сондай-ақ, ресейлік рубльдің нығаюын атап өтуге болады, ол импорт арнасы арқылы ішкі нарықтағы бағаның жоғары өсуіне әсер етті.

Тұтыну нарығындағы баға көтерілуінің жаңа толқынын ТҮКШ тарифтерінің бір бөлігін «кері қайтару» және оларды ЖЖМ бағасымен бірге осы жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін тоқтату есебінен басуға тура келді. Бұл қадам өз нәтижесін беріп, теңге бағамының нығаюымен бірге төртінші тоқсанда инфляция біршама бәсеңдеді. Сонымен бірге, азық-түлік бағасының жоғары өсуі жаңа шоктар туындаған жағдайда инфляцияның жеделдеуіне әлі де әлеует бар екенін көрсетеді.

Жылдық есепте өткен жылы тұтынушылық инфляция 12,3%-ға жетті, нәтижесінде 2025 жылғы баға өсімінің деңгейі инфляция 20%-дан асқан 2022 жылғы шыңнан кейінгі ауқымы жағынан екіншісі болды. Инфляция компоненттерінің ішінде жылдық 13,5% өсіммен азық-түлік бағыты ерекше көзге түсті, бұл ретте оның көрсеткіштері бір жыл бұрынғы мәннен (5,5%) екі еседен астам жоғары болды.

Азық-түлік емес тауарлар бағасының индексі қараша айымен салыстырғанда (12,1%) төмендегенімен, бәрібір 11,1% деңгейіндегі ең жоғары мәнге жақын болды. Өз кезегінде, мемлекеттік органдардың интервенцияларының арқасында қызмет көрсету құны 2025 жылғы маусымдағы 16,1% шыңнан желтоқсанда 12%-ға дейін төмендеп, біртіндеп тұрақталды. Осылайша, тұтыну себетінің барлық негізгі тобы 2025 жылды екі таңбалы деңгейде аяқтады және жалпы алғанда бұл біздің болжамдарымызға сәйкес келді.

Жаңа жылдан бастап ҚҚС мөлшерлемесінің көтерілуінің әсері ішінара бағаларда көрініс тапты, бірақ сонымен бірге сұранысты басу арқылы баға қысымын тежейтін де болады. Біз теңгенің айырбас бағамы әлсіреуін жалғастырады деген пікірдеміз, алайда ол өткен жылы долларына 550 деңгейіне жақындап қалғандықтан, оның әлсіреуінен болатын әсер азырақ білінеді. Рубльдің шамадан тыс бағалануы салдарынан оның күтілетін әлсіреуі де Ресей Федерациясынан импортталатын өнімдердің бағасына оң әсер етеді.

Реттеуші кем дегенде биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында төмендетуді жоспарлап отырмаған жоғары базалық мөлшерлеме де маңызды фактор болмақ. Бұдан бөлек, үй шаруашылықтарының сұранысына әсер ететін тұтынушылық несиелеудің өсу қарқынын баяулату бойынша реттеуші шаралар біртіндеп ілгерілеуде. Өз кезегінде, ҚҚС мөлшерлемесінің өсуі, 8 трлн теңгелік қомақты квазифискалдық қаржыландыру, мемлекеттік монополиялар тарифтерінің көтерілуі және теңге бағамының долларға шаққандағы әлсіреуі экономикадағы инфляциялық қысымның сақталуына ықпал етеді.

Біздің ойымызша, осы жылдың соңына қарай бағалар қазіргі мәндерден төменірек, 10,5-11,5% шегінде біршама тұрақталуы мүмкін, бұл ретте тарифтер мен ЖЖМ құнын қалыпты көтеруді жалғастыру үшін әсіресе, үкімет бюджет шығыстарын инфляциядан төмен қарқынмен қалыпты ұлғайту саясатын ұстанатын болса, белгілі бір кеңістік бар деп есептейміз.