Қазақстан экономикасының даму деңгейі жыл соңына қарай 3.8-4.3% жетуі мүмкін, деп хабарлайды Jusan Analytics.

2023 жылы Қазақстан экономикасында жаңа күтпеген есеңгіретулер орын алмайтын болса, жыл соңына қарай ішкі жалпы өнім 3.8-4.3% деңгейіне дейін өсуі ықтимал. Jusan Analytics зерттеу орталығы осындай болжам жасады. Мұндай батыл тұжырым жасауға биылғы жылдың қаңтар айына қатысты экономикалық көрсеткіштер негіз болып отыр.  

Таяу күні Үкімет отырысында Ұлттық экономика вице-министрі Тимур Жақсылықов Қазақстан экономикасының 2023 жылғы қаңтардағы даму көрсеткішін жариялады – экономиканың нақты өсімі 5.6%-ды құрады.

«Экономиканың бұлайша айтарлықтай өсуіне негізінен көрсетілетін қызметтер секторы үлес қосқан (+7.6%). Тауар өндірісі секторы да өсті (+2.3%). Жалпы экономиканың барлық негізгі секторларында оң серпін байқалады. Өткен жылмен салыстырғанда сауда (+19.4%) және байланыс саласында (+18.1%) айтарлықтай өсім тіркелді. Мұны «Қаңтар» оқиғасына байланысты өткен жылғы базалық көрсеткіштердің төмен болғандығымен түсіндіруге болады», - дейді Jusan Analytics талдаушысы Клара Сейдахметова.


Нақты секторда ең жоғары өсімді құрылыс саласы көрсетті – 12.5%.

Мұндай нәтижеге негізгі капиталға жұмсалатын инвестицияның артқандығы, бірқатар құрылыс жобаларының тұрғын үй саласына берілуі және бұл салаға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп жатқандығы арқасында қол жеткізілді.     

Тау-кен өндіру саласының оң аймаққа өтуі (+1.2%) және өңдеуші саланың (+1.6%) бір қалыпты өсіп жатқандығы аясында өнеркәсіп саласы да 1.4%-ға өсті. 

«Экономиканың қазіргі даму серпіні бұған дейінгі болжамды көрсеткіштерімізден асып түсті. Оның алдағы даму траекториясы енді көптеген қауіп-қатерлердің қысымында болмақ. Атап айтар болсақ: геосаяси ахуалдың ушығуы, бағалардың құбылмалылығы, әлемде инфляциялық қысымның күшею және орталық банктердің монетарлық саясатты қатаңдатуы», - дейді Jusan Analytics талдаушысы Клара Сейдахметова. Оның айтуынша жеті бағыттағы белсенді іс-әрекеттер ұлттық экономиканың алдағы дамуының негізгі қозғаушы күштері болмақ. Олар мыналар:   

  • фискалдық (мемлекет тарапынан) ынталандыру;
  • инвестициялық бағдарламалар мен бастамаларды көбейту;
  • негізгі капиталға инвестиция салуды арттыру;
  • тау-кен өндірісі секторының толығымен қайта жаңғыруы;
  • Қазақстанда өндірілген тауарлардың, оның ішінде мұнай бағасының жоғары болуы және оларға деген сыртқы сұраныстың тұрақтылығы;
  • жаңа тұрғын үй бағдарламаларын жүзеге асыру және баға қалыптастыру механизмдерін жетілдіру есебінен құрылыс саласын дамыту;
  • тауарлар мен көрсетілетін қызметтерге деген сұраныстың бірқалыпты өсуі есебінен сауда саласының оң сипатта дамуы.