2022 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасының банк секторын 21 екінші деңгейдегі банк құрайды, оның ішінде 12-і шетел қатысатын банк, оның ішінде 9 еншілес банк.
Банк секторының активтері ағымдағы жылғы қарашада 1,6%-ға немесе 0,7 трлн теңгеге ұлғайып, 2022 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша 43,1 трлн теңгені құрады (жыл басынан бері өсім - 14,4% немесе 5,4 трлн теңге). 2022 жылғы қарашада активтердің өсуі несие портфелінің 3,3%-ға немесе 759 млрд теңгеге ұлғаюы нәтижесінде орын алды.
Өтімділігі жоғары активтер 13,1 трлн теңгені немесе активтердің 30,5%-ын құрады, бұл банктерге клиенттер алдындағы өз міндеттемелеріне толық көлемде қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.
Экономикаға кредиттер 2022 жылғы қарашада 3,4%-ға өсіп, 22,2 трлн теңгені құрады (жыл басынан бері өсім – 20,1% немесе 3,7 трлн теңге).
Ұлттық валютадағы кредиттер 3,5%-ға 20,4 трлн теңгеге дейін, шетел валютасындағы кредиттер 2,5%-ға 1,8 трлн теңгеге дейін ұлғайды.
Заңды тұлғаларға кредиттер 2022 жылғы қарашада 2,7%-ға ұлғайып, 8,3 трлн теңгені құрады. Бұл ретте ағымдағы жылдың басынан бері осы көрсеткіштің өсуі 7,3%-ды құрады (2021 жылғы осындай кезеңде – 5,6%-ға өсті).
Дара кәсіпкерлерді қоса алғанда, бизнес субъектілеріне жиынтық кредиттер 2022 жылғы қарашада 2,9%-ға 9,3 трлн теңгеге дейін өсті (2022 жылдың басынан бастап 9,5%-ға өсті).
ШОБ субъектілеріне қарыздар 3,7%-ға 5,9 трлн теңгеге дейін (2022 жылдың басынан бастап 12,1%-ға өсті), ірі бизнеске қарыздар - 1,6%-ға 3,4 трлн теңге дейін өсті (2022 жылдың басынан бастап 5,4%-ға өсті). Бұл ретте, жыл басынан бері қарыз алушы – ШОБ субъектілерінің саны 77%-ға 293 мың қарыз алушыға дейін өсті.
2022 жылғы қарашада бизнес субъектілеріне 1,2 трлн теңге сомаға жаңа қарыздар берілді. Жыл басынан бері бизнеске 11,2 трлн теңге сомаға жаңа қарыздар берілді, бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7,4%-ға артық (10,5 трлн теңге).
Салалар бойынша заңды тұлғаларға берілген кредиттердің негізгі үлесі өнеркәсіпке (34,7%), саудаға (21,5%), құрылысқа (7,5%) және көлікке (6,2%) тиесілі.
Жеке тұлғаларға кредиттер 2022 жылғы қарашада 3,8%-ға ұлғайып, 13,9 трлн теңгені құрады (2022 жылдың басынан бері 29,4%-ға өсті). Жеке тұлғаларға кредиттердің өсуіне жеңілдетілген мемлекеттік ипотекалық бағдарламаларды іске асыруды жалғастыру нәтижесінде ипотекалық кредиттеудің 2,1%-ға 4,5 трлн теңгеге дейін ұлғаюы, сондай-ақ тұтынушылық қарыздардың 4,4%-ға 7,6 трлн теңгеге дейін өсуі себеп болды.
2022 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша банк секторы бойынша 90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар қарыздардың (NPL90+) деңгейі жалпы несие портфелінің 3,6%-ын немесе 850 млрд теңгені құрады (2022 жылғы 1 қаңтарда – 3,3% немесе 669 млрд теңге).
ШОБ-ты ескере отырып заңды тұлғалардың портфелінде NPL90+ деңгейі 3,3%-ды немесе 344 млрд теңгені, жеке тұлғалардың портфелінде - 3,9%-ды немесе 506 млрд теңгені құрады. Жұмыс істемейтін қарыздарды провизиялармен өтеу жоғары болып қалуда және 76,1%-ды құрайды.
Банктердің меншікті капиталы ағымдағы жылғы қарашада 3,4%-ға 5,2 трлн теңгеге дейін өсті. 2022 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша негізгі капиталдың жеткіліктілік коэффициенті (к1) 18,3%-ды, меншікті капиталдікі (к2) – 21,5%-ды құрады, бұл заңнамада белгіленген нормативтерден едәуір асып түседі және банк секторындағы ықтимал тәуекелдерді жабуды қамтамасыз етеді.
Банк секторының міндеттемелері 2022 жылғы қараша жеке тұлғалардың салымдарының 3,7%-ға 15,7 трлн теңгеге дейін ұлғаюы нәтижесінде 1,4%-ға 37,8 трлн теңгеге дейін өсті (міндеттемелер құрылымындағы үлесі 41,5%). Ағымдағы жылдың басынан бері банктердің міндеттемелері 14,3%-ға өсті.
Резиденттердің депозиттік ұйымдардағы депозиттері 2022 жылғы қарашада 1,6%-ға 29,5 трлн теңгеге дейін азайды (жылдың басынан бері 8,9%-ға өсті). Заңды тұлғалардың депозиттері 5,9%-ға, 14,9 трлн теңгеге дейін азайды, жеке тұлғалардың депозиттері 3,1%-ға, 114,6 трлн теңгеге дейін ұлғайды.
Ұлттық валютадағы депозиттер 2022 жылғы қарашада 0,1%-ға 19,4 трлн теңгеге дейін ұлғайды, шетел валютасындағы депозиттер 4,8%-ға 10,1 трлн теңгеге дейін төмендеді. Нәтижесінде 2022 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша долларлану деңгейі 2022 жылдың басындағы 36,0%-бен салыстырғанда 34,2%-ды құрады.
Банктік емес заңды тұлғалардың ұлттық валютадағы мерзімді депозиттері бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 2022 жылғы қарашада 13,8%-ды (2021 жылғы желтоқсанда – 7,4%), жеке тұлғалардың депозиттері бойынша – 13,1%-ды (2021 жылғы желтоқсанда – 8,0%) құрады.