Отандық ақпарат құралдарына берген сұхбатында Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Қайрат Келімбетов агенттіктің қолға алып жатқан реформалары туралы айтты.

«Қазір әлемде үлкен өзгерістер болып жатыр: дамыған елдерде төртінші индустриялды революция – жаңа технологиялар, цифрландыру жүріп жатыр. Коронодағдарыс әлеуметтік салалар, білім беру, денсаулық сақтауды онлайн қызметке көшуге мәжбүр етті және жалпы пандемия әлем бойынша денсаулық сақтау саласындағы бірқатар мәселелердің бар екенін көрсетті. Сарапшылардың айтуынша,  мұндай пандемия енді алдағы уақытта да болмақ, климаттың өзгеруі мен биылғы мұнай бағасының құлдырауы оңайға соқпады», дейді Қайрат Келімбетов.

Агенттік төрағасының айтуынша, мұның бәрі ең алдымен мемлекеттік аппараттың қазақстандықтардың сұранысына сай жедел және тиімді әрекет ете алатындай болуын талап етеді.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында да осылай айтып, Үкіметке мемлекеттік аппаратқа әрбір қазақстандықтың мұқтаждығына қарай әрекет ету керектігін тапсырды. Осы бағыттағы өзгерістерді басқаратын арнайы жүйе құрылды. Реформа бойынша Жоғарғы Кеңес құрылып, Президент өзі басшылық етті. Кеңестің міндеті – мемлекеттік органдарда қолға алынатын барлық өзгерістерді үйлестіру. Оған Президент Аппараты, Премьер-Министр, Ұлттық банк, Қаржы нарығын реттеу агенттігі секілді мемлекеттік құрылым жетекшілері кіреді. Ал Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Жоғарғы Кеңестің жұмыс органы ретінде жұмыс істейді. Қазір агенттіктің міндеті – мемлекеттік органдар тарапынан дайындалып жатқан өзгерістерді топтастыру және мемлекеттік аппарат қызметінің барша қазақстандықтар өмірін жақсартуы, мемлекеттік қызметті барынша тиімді үйлестіру», дейді агенттік төрағасы.

Оның айтуынша, қазір 6 консультативтік жұмыс тобы құрылды. Олар: макроэкономика, экономиканы әртараптандыру, бизнесті реттеу, әлеуметтік саясат, сот және құқық қорғау жүйесі және кәсіби үкімет қалыптастыру реформасы бойынша топ.

«Макроэкономиканы реформалау тобы туралы айтар болсақ, Қазақстан уақыттың, пандемияның сын-қатеріне лайықты түрде жауап берді. Денсаулық сақтау, экономикалық өсу секторында бізге Ұлттық қор қатты көмектесті, енді біздің Ұлттық қорды қалыптастыруға қалай кірісетініміз, біздің бюджет және қазына саясатымыздың қаншалықты ұтымды болатыны өте маңызды. Осы мәселелердің барлығы келесі жылы макроэкономика мәселелері жөніндегі топта қаралады.

Экономиканы әртараптандыру бойынша жұмыс тобына келер болсақ, экономиканың мұнай мен оның бағасынан тәуелсіз сектор құру қажет. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жаңа жұмыс орындары құрылады. Туризм, агрошаруашылық сынды секторларға назар аударылып, бюджет қаржысы бөлінеді.

Тағы бір маңызды бағыттардың бірі – елдің бизнес-қауымдастығына қажетті жағдай жасау. Біз «Атамекенмен» бірлесе отырып, шағын және орта бизнесті ынталандыру үшін бизнес-реттеуді, бизнес ахуалды жақсарту үшін жұмыс істеп жатырмыз.

Тағы бір маңызды сектор – әлеуметтік сала. Қазір Әлеуметтік Кодексті құру жұмыстары басталды, ол жерде жан-жақты принциптер қамтылады. Келесі жылы бекітілуі тиіс бірнеше құжат бар, олар: 2020 жылдың Стратегиялық жоспары мен Ұлттық қауіпсіздік стратегиясы. Сондай-ақ біз Өңірлік даму стратегиясын қабылдауды ұсындық. Әр өңірдің өзін дамытатын артықшылығы, өсу нүктелері бар. Біз құжатта соларды анықтағымыз келеді», дейді спикер.

«Құжаттарды жасауға Мемлекет басшысы атап өткен сарапшылар, отандық сарапшылар тартылды. Біз Ұлттық Қоғамдық Сенім Кеңесі сарапшыларымен, халықаралық институттардың сарапшыларымен тығыз байланыстамыз. Жоспардың бәрін орындау – мемлекеттік органдарды осы бөлік бойынша көбірек сынға алады. Біз жетістікке жеткен Ұлыбритания, Малайзия, Сингапур, РФ сынды алдыңғы қатарлы елдердің реформаларды жүзеге асыру тәжірибелерімен таныстық. Мемлекет басшысы келер жылы Стратегиялық жоспарлау жүйесі бекітілгеннен кейін мемлекеттік бағдарламалардан ұлттық жобаларға ауысатынымызды атап өтті. Ұлттық жоба дегеніміз – нақты бір мақсаттарға жетуге бағытталған кешенді жоспар. Мұнда мемлекеттік жүйелерді, мемлекеттік қызметтерді цифрландыруға көбірек қолдау көрсетіледі. Сондай-ақ біз стратегиялық жоспарлау жүйесін мемлекеттік басқарудың барлық жүйесімен тығыз байланыстыруға ниеттіміз. Бұл мемлекеттік жоспарлау ғана емес, мемлекеттік бюджетті мемлекеттік қызмет үдерісімен, мемлекеттік қызметті жетілдіруді реттеу, цифрландыру үдерістерімен үйлестіру», деді агенттік төрағасы.

Оның айтуынша, осы бағыттардың барлығы келесі жылы жүзеге асады және әр ұлттық жобаны түрлі мемлекеттік орган жүзеге асырады. Цифрлық қызмет негізінде жұмыс істейтін арнайы орталықтар құрылады. Бәрінен бұрын Кеңсе, Цифрлық трансформация кеңсесі және Ұлттық жобалардың жүзеге асырылуын бақылау кеңсесі жұмысын бастайды. Белгілі бір жұмыс істелгендіктен, Агенттік құру – Мемлекет басшысы атап өткен үлкен реформаларға дайындықтың қорытынды кезеңі болды.

«Ең алдымен, реформалардың тиісті қарқыны белгіленді. Мемлекет басшысы бірінші кезектегі реформаларды, яғни бірінші қабылдануы керек шараларды анықтап берді. Біз Стратегиялық жоспарлау және реформа агенттігі ретінде өзімізге үшжылдық жұмыс жоспарын белгіледік, яғни үш кезеңнен тұрады: 2021 жыл – қабылдануы тиіс бірінші орындағы шаралар, екінші кезең – белгілі бір мемлекеттік институттарды өзгерте отырып осы шараларды бекіту және үшінші кезең – реформалар мен мемлекет пен азаматтардың өзара қарым-қатынасын институционалдық және заңнамалық тұрғыдан бекіту», дейді Қайрат Келімбетов.

Естеріңізде болар, мемлекет басшысы басымдық берілетін бағыттарды атап өтті, олар – Қазақстан азаматтарының мүддесін қорғайтын мемлекеттік басқаруды модернизациялау мен мемлекеттік басқару жүйесін құру. Екінші бағыт – бизнес ахуалды жақсарту және салалар мен өңірлердің өсу нүктелерін құру. Үшінші үлкен бағыт – әлеуметтік саясат пен Қазақстан азаматтарының өмірін жақсарту, яғни сапалы білім беру, онлайн білім беру, сапалы денсаулық сақтау қызметтері. Жалпы бұл шаралар экономикалық дамуды қалпына келтіруі керек.

«Жыл қорытындысы бойынша бізде оң өсім болмайтынын білесіздер. Бірақ 2021 жылы біз қалыпты өсу қарқынына қайта оралуды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, әрине, ең үлкен мәселе – Қазақстан азаматтарының мүддесін қорғау, сот реформасы, құқық қорғау жүйесінің реформасы. Бұл туралы айтылып, алғашқы маңызды нәтижелерге қол жеткіздік. Құқық қорғау органының реформасы өте маңызды болды. Бас прокуратураның Қазақстан азаматтарының құқын қорғау жөніндегі рөлі айтарлықтай артып келеді. Сонымен қатар мемлекеттік басқару, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру жаңа концепциясы дайындалып жатыр. Бұл мәселелердің бәрі қаңтар-ақпанда нақтыланып, қабылданады және наурызда біз баяндағымыз келетін тәсілдерді қарастырамыз. Жалпы, Мемлекет басшысы ұсынған қарқынға ілесіп отырмыз және сапалы, ойластырылған, пысықталған өзгерістер 2021 жылы жүргізіледі», дейді агенттік төрағасы.

Қайрат Келімбетовтың айтуынша, макроэкономика тобын Сэр Сума Чакробарти басқарады, ол реформалар бойынша кеңес төрағасының орынбасары, үш топты Премьер-министр басқарып отыр, бір топты президент әкімшілігінің жетекшісі және тағы бір топты Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары басқарады. Әр топ бірнеше отырыс өткізіп үлгерді, жұмыс топтарының платформасы – мемлекеттік органдардың жұмысы, ал үйлестіруші рөлді Стратегиялық жоспарлау және реформа агенттігі атқарады.

«Біз сарапшылардың бәрімен тығыз байланыстамыз, әлемдік трендтер, алдыңғы қатарлы әлемдік тәжірибені зерттедік. Біздің заманымыздағы кез келген шешім үлкен деректер (big data) негізінде қабылдануы қажет. Сол себепті біз статистика саласына үлкен өзгеріс енгізіп жатырмыз. Бізге Статистика бюросы арнайы берілгенін білесіздер. Бұл бюро экономикада болып жатқан жайттарға тәуелсіз баға бере алуы қажет. Сондықтан 2021 жылы санақ жүргізілгеннен кейінгі нәтиже біз үшін маңызды», дейді агенттік төрағасы.

Төрағаның мәліметінше, әр жұмыс тобы реформалар тізімінен өздеріне 2021, 2022 жылдарға арналған басым бағыттарды таңдап алды. Жұмыс топтары әр тоқсан сайын нені баяндайтыны туралы нақты бағдарлама бар.

«Меніңше, қазір мәселенің барлығы соны түсінетін кәсіби мамандардың және шешім қабылдайтын адамдардың қолында. Мемлекет басшысы егер нақты бір мәселеге қатысты дау-дамай мен пікірталас болса – қорытынды шешім Жоғары кеңестің отырысында қабылданатынын атап айтты. Менің ойымша, үш айдың ішінде жүйені ретке келтірдік, әрбір мемлекеттік орган қандай да бір бастама мен пікірді қалай пысықтау керектігін, әрбір жаңа мемлекеттік бағдарлама қалай қабылдануы немесе ұлттық жобалар қалай құрылуы керектігін біледі, сондықтан 2021 жыл Мемлекет басшысының 2020 жылғы қыркүйектегі Жолдауында белгілеген міндеттері мен басымдықтарын нақты іске асыратын жыл болмақ», дейді агенттік төрағасы.

«Жолдауға дайындықпен қатар жазда сот және құқықтық реформа тобы жұмысын бастады. Олар үлкен нәтижелерге қол жеткізді. Президент екінші отырыста олардың жетістіктерін атап өтті. Басқа топтар наурыздағы отырыста пысықталған жобалар туралы баяндайды. Қазір көш бастап тұрған топ құқық қорғау жүйесіндегі реформа бойынша ары қарай да дами береді деп ойлаймын. Қаңтарда жаңа инклюзивті платформаны мақұлдауды жоспарлап отырмыз, яғни негізгі жалпыұлттық мақсаттар мен басым бағыттарды қабылдау, стратегиялық жоспарлаудың жаңа жүйесін, мемлекеттік басқаруды жетілдірудің жаңа тұжырымдамасын қарастыру қажет. Яғни біз әр қазақстандықты қызықтырған маңызды шешімдерді қабылдау алдында тұрмыз, сол себепті оны Мемлекет басшысы өзі бақылап отыр», дейді Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Қайрат Келімбетов.