Halyk Finance сарапшылары 2026 жылдың соңында доллардың бағамы 490 теңге болады деген болжамын сақтап отыр. Ал 2027 жылдың соңына қарай АҚШ валютасы 515 теңгеге дейін қымбаттауы мүмкін.
Сарапшылардың мәліметінше, 2026 жылдың үшінші тоқсанының соңында доллар бағамы 440,49 теңгеге дейін төмендеп, соңғы екі жылдағы ең төменгі деңгейге жеткен. Жыл басынан бері теңге долларға шаққанда 12,9% нығайған.
Halyk Finance болжамынша, төртінші тоқсанда валюта ұсынысы шектеулі болуы мүмкін. Ұлттық банк алтын операциялары бойынша айна операцияларының көлемін үшінші тоқсандағы 1,12 трлн теңгеден 0,91 трлн теңгеге дейін, яғни шамамен 19% қысқартуды жоспарлап отыр.
Сонымен қатар жыл соңында валютаға деген маусымдық сұраныс артуы мүмкін. Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені жыл соңына дейін 15,5%-ға дейін төмендетуі де теңгемен номиналданған борыштық құралдарға шетелдік портфельдік инвесторлардың қызығушылығын азайтуы ықтимал.
Halyk Finance сарапшыларының бағалауынша, 2027 жылы базалық мөлшерлеменің біртіндеп төмендеуі мен мұнай бағасының арзандауы теңгеге қысым түсіріп, доллар бағамының 515 теңгеге дейін өсуіне ықпал етуі мүмкін.
Сонымен бірге сарапшылар валюта нарығындағы сұраныс пен ұсыныстың қазіргі арақатынасы сақталса, теңге болжанғаннан да күштірек болуы мүмкін екенін атап өтті.