Таксистер мен курьерлер алименттен жалтара алмайды

Қазақстанда алимент бойынша берешегі бар азаматтардың табысын анықтау және қарызды өндіріп алу тетіктері жетілдіріліп жатыр. Бұл туралы Үкіметтің депутаттық сауалға берген жауабында айтылған.

Борышкерлердің табысы автоматты түрде анықталады

Қазіргі уақытта сот орындаушыларының жұмысын автоматтандыру және алимент өндіріп алудың тиімділігін арттыру үшін атқарушылық іс жүргізу органдарының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі (ААЖ) қолданылады.

Жүйе мемлекеттік органдармен, екінші деңгейлі банктермен және басқа да ұйымдармен ақпарат алмасуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, жүйе жұмыспен қамту саласындағы ақпараттық жүйелермен және еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесімен интеграцияланған. Соның арқасында борышкерлердің жұмысқа орналасуы, жұмыс берушілері және еңбек қатынастарының мәртебесі туралы мәліметтер автоматты түрде алынады.

Бұл сот орындаушыларына борышкерлердің табыс көздерін анықтап, жалақысы мен басқа да кірістерінен алимент өндіру шараларын уақтылы қабылдауға мүмкіндік береді.

Такси жүргізушілері мен жеткізушілердің табысы да ескеріледі

Заңнамаға сәйкес, сот орындаушылары борышкерлердің табысын анықтау үшін интернет-платформалар мен мобильді қосымшалардың операторларынан, сондай-ақ ойын бизнесін ұйымдастырушылардан ақпарат сұрата алады.

Бұдан бөлек, жолаушылар тасымалы, жеткізу қызметтері, құмар ойындар және электрондық ақшамен жасалатын операциялардан түсетін кірістерді анықтау үшін мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен интеграциялау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Алимент бойынша берешек қалай есептеледі?

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, алимент бойынша берешек борышкердің нақты жалақысы мен өзге де кірістеріне қарай есептеледі.

Егер борышкер жұмыс істемесе немесе табысын растайтын құжаттар болмаса, берешек мөлшері республика бойынша орташа айлық жалақы негізінде анықталады.

Үкіметтің мәліметінше, ең төменгі жалақы алимент бойынша берешекті есептеудің жалпыға ортақ базасы ретінде белгіленбеген.

Егер алиментті борышкердің жалақысы немесе басқа да кірістері есебінен үш ай бойы өндіріп алу мүмкін болмаса, сот орындаушысы берешек мөлшерін анықтап, мәжбүрлеп орындату шараларын қабылдауға міндетті. Олардың қатарында борышкердің мүлкіне өндіріп алуды қолдану да бар.

Берешектің бір бөлігін өтеу қалған соманы төлеу міндетінен босатпайды және атқарушылық іс жүргізуді тоқтатуға өздігінен негіз болмайды.

Үкіметтің мәліметінше, ақпараттық жүйелерді интеграциялау және процестерді автоматтандыру борышкерлердің табысын толық анықтауға, сондай-ақ балаларды асырау жөніндегі міндеттемелерді орындаудан жалтару жағдайларын азайтуға бағытталған.