Жұмыс істейтіндердің жартысынан көбі зейнетақы жарнасын тұрақты аудармайды

Қазақстанда еңбекке қабілетті азаматтардың жартысынан азы ғана болашақ зейнетақысын тұрақты түрде қалыптастырып жүр. Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының (ҚҚҚ) 2026 жылғы 1 маусымдағы зейнетақы активтеріне инвестициялық шолуында осындай қорытынды жасалған.

Қауымдастық мәліметінше, жылына 9–12 ай бойы міндетті зейнетақы жарнасын тұрақты аударатындар саны 4,7 млн адам. Бұл елдегі жалпы жұмыс күшінің жартысына да жетпейді.

Сарапшылардың пікірінше, жинақтаушы зейнетақы жүйесінің басты мәселесі – халықтың жеткілікті көлемде зейнетақы жинай алмауы. Сондықтан Қазақстан үшін негізгі басымдық зейнетақы жинақтарын пайдаланудың жаңа бағыттарын кеңейту емес, олардың көлемін ұлғайту болуы тиіс.

ҚҚҚ мәліметіне сәйкес, 2026 жылғы 1 маусымда Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы активтер көлемі 27,7 трлн теңгеге жетті. Жыл басынан бері өсім 1,4 трлн теңгені немесе 5,4%. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі 1,7%-дық өсімнен едәуір жоғары.

Жинақтардың артуына міндетті зейнетақы жарналарының 5,8% өсуі, сондай-ақ инвестициялық табыстың 4,9% артуы ықпал еткен. Инвестициялық кіріс негізінен борыштық бағалы қағаздар бойынша пайыздық түсімдер мен қор нарықтарындағы оң динамика есебінен қалыптасқан.

Сонымен бірге, теңгенің 2026 жылдың алғашқы бес айында 3,8% нығаюы валюталық активтердің қайта бағалануына кері әсер етіп, жалпы қаржылық нәтижені біршама төмендеткен. Соған қарамастан инвестициялық табыс барлық зейнетақы жинақтарының 40%-дан астамын қалыптастырып отыр.

Қазіргі таңда зейнетақы активтерінің 61%-ы мемлекеттік бағалы қағаздарға, ал 22%-ы сыртқы басқаруға орналастырылған. Қаржы құралдарының 96%-дан астамы инвестициялық кредиттік рейтингке ие, бұл тәуекелдерді төмендеткенімен, ұзақ мерзімді табыстылық әлеуетін де шектейді.

Шолуда биылғы жылы барлық жеке инвестициялық басқарушы компаниялардың нақты мәнде оң табыстылық көрсеткені айтылған. Ал Ұлттық банк басқаратын портфельдің жыл басынан бергі кірістілігі 3,03% болып, бес айдағы 4,3% инфляциядан төмен қалыптасты.

Қаңтар–мамыр айларында тұрғын үй жағдайын жақсарту мен емделуге арналған біржолғы зейнетақы төлемдері 308 млрд теңге. Осы кезеңде қорға түскен зейнетақы жарналарының көлемі 1,5 трлн теңгеге жуық болды. Бұл зейнетақы активтерінің әрі қарай ұлғаюына және жүйенің инвестициялық әлеуетінің артуына мүмкіндік берді.

ҚҚҚ сарапшыларының пікірінше, алдағы уақытта жинақтаушы құрамдастың рөлі арта түсетіндіктен, зейнетақы жүйесін дамыту ең алдымен тұрақты жарна төлейтін азаматтардың үлесін көбейтуге, ресми жұмыспен қамтуды кеңейтуге, халық табысын арттыруға және зейнетақы активтерінің нақты табыстылығын қамтамасыз етуге бағытталуы қажет.

Сондай-ақ олар зейнетақы саясатының тұрақтылығы мен азаматтардың жинақтаушы жүйеге деген сенімін сақтау ұзақ мерзімді перспективада зейнетақы жүйесінің орнықтылығы мен болашақ зейнеткерлердің қаржылық қамтамасыз етілуіне тікелей әсер ететінін атап өтті.