Ұлттық банк Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының ақшасын пайдалана отырып, үшінші тоқсанда банк облигацияларын сатып алуды жоспарлап отыр, деп хабарлады Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов.

Банктер алған қаражатты бизнесті қаржыландыруға жұмсауы тиіс.

«Өздеріңіз білетіндей, біздің корпоративтік несиелендіруіміз өсіп келеді, бірақ біз оның экономикалық әлеуетімізге сәйкес жылдам қарқынмен өскенін қалаймыз. Біз қандай проблемалар бар екенін қарастырамыз. Екінші деңгейлі банктер ұзақ мерзімді қаражатты сұоап отыр», — деп түсіндірді Сүлейменов.

Оның айтуынша, қазір банктердің міндеттемелері негізінен депозиттерден тұрады, оларды «ұзақ мерзімді» ресурстар деп санауға болмайды, өйткені оларды оңай алуға болады. Осыған байланысты банктерге ұзақ мерзімді несиелерді құрылымдау қиынға соғады.

«Сонымен бірге, БЖЗҚ активтері еліміздің экономикасы үшін жұмыс істеуі тиіс ұзақ мерзімді ақша. Осылайша, БЖЗҚ портфелінің бір бөлігін банк облигацияларына инвестициялау мүмкіндігін ҚНРДА, Ұлттық банк және «Бәйтерек» зерттеді, бұл ақша тек корпоративтік несиелендіруге бағытталады», — деді Сүлейменов.

Оның айтуынша, банктер өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы және басқа да маңызды салалардағы жобаларды қаржыландырады. Жалпы инвестиция көлемі 500 млрд теңгеге дейін жетеді.

Ұлттық банк басшысы кейбір банктердің бағдарламаға қызығушылық танытқанын, бірақ әзірге олар бойынша нақты шешім болмағандықтан олардың атын атай алмағанын атап өтті.