Зейнетақы қорындағы ақшаны 100% басқа басқарушыға аударуға болады

2026 жылғы 7 қыркүйектен бастап Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексіне енгізілген өзгерістер күшіне енеді. Енді салымшылар өздерінің зейнетақы жинақтарының 100%-ын инвестициялық портфельді басқарушылардың (ИПБ) сенімгерлік басқаруына бере алады.

Міндетті зейнетақы жарналарының (МЗЖ) және ерікті зейнетақы жарналарының (ЕЗЖ) салымшылары, сондай-ақ пайдасына міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) мен ЕЗЖ аударылатын жеке тұлғалар сенімгерлік басқаруға берілетін зейнетақы жинақтарының көлемін өз бетінше айқындауға, бір немесе бірнеше ИПБ-ны, сондай-ақ өздерінің қаржылық мақсаттарына сәйкес бір немесе бірнеше инвестициялық портфельді таңдауға мүмкіндік алады.

Заңнамаға сәйкес әрбір ИПБ салымшыларға тәуекел деңгейі, инвестициялар құрылымы және инвестициялау мерзімі бойынша ерекшеленетін инвестициялық портфельдердің үш түріне дейін (консервативті, теңгерімді және тәуекелі жоғары) ұсына алады. Үш түрлі портфельдің болуы инвестицияларды салымшының жасына және жеке мүдделеріне қарай бейімдеуге мүмкіндік береді. Ал жинақтарды бірнеше ИПБ арасында бөлу құқығы олардың табыстылығының ауытқуына тәуелділікті азайтады.

Салымшыларға қолайлы болу үшін БЖЗҚ зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруға қатысты негізгі ақпаратты біріктіретін invest.enpf.kz бірыңғай ақпараттық интернет-платформасын іске қосты. Платформа табыстылық туралы ақпаратқа ыңғайлы әрі құрылымдалған қолжетімділікті қамтамасыз етеді, белгіленген кезеңдер бойынша әртүрлі басқарушылардың (ҚР Ұлттық Банкі мен ИПБ-лардың) басқаруындағы инвестициялық портфельдердің көрсеткіштерін динамикада салыстыруға мүмкіндік береді.

ИПБ-ны таңдау – салымшының дербес шешімі. Ол ұсынылатын инвестициялық стратегияны, инвестициялық портфельдің құрылымын, тәуекел деңгейін және активтерді басқару нәтижелерін өз бетінше бағалайды.