Жаңа жылдан кейін доллар қымбаттайды

Ұлттық экономикалық зерттеулер бюросы 2026 жылдың қазан, қараша және желтоқсан айларына арналған доллар бағамының болжамын жаңартты. Теңгенің күткеннен нығаюына байланысты сарапшылар доллар бағамына қатысты болжамдарын төмендетті.

Бұған дейін экономистер қазандағы доллардың орташа бағамын 499,7 теңге деп болжаған. Енді базалық сценарий бойынша болжам 461,1 теңгеге дейін төмендетілді.

Бюроның мәліметінше, қыркүйекте доллардың орташа айлық бағамы 449,5 теңгені құраған. Бұл теңгенің болжамнан да нығайғанын көрсетеді.

2026 жылдың соңына дейін доллар бағамы қандай болады?

Сарапшылар қазан айына үш сценарий ұсынады:

  • Оптимистік сценарий – 443,7 теңге;

  • Базалық сценарий – 461,1 теңге;

  • Пессимистік сценарий – 478,5 теңге.

Қараша мен желтоқсан айларына арналған базалық болжам да төмендетілді.

Ай

Бұрынғы болжам

Жаңа болжам

Қараша

496,6 теңге

469,7 теңге

Желтоқсан

494,2 теңге

471,3 теңге

Пессимистік сценарийдің өзінде 2026 жылдың соңына дейін доллар бағамы 500 теңгеге жетпейді деп күтіледі. Бұл сценарий бойынша қарашада 487,1 теңге, желтоқсанда 488,7 теңге болуы мүмкін.

2027 жылы доллар 500 теңгеге жете ме?

Экономистердің базалық болжамына сәйкес, доллардың орташа айлық бағамы 2027 жылдың қыркүйегіне дейін 500 теңгеден төмен болады.

Жыл басында бағам 467–475 теңге аралығында, ал жазға қарай 481–482 теңге деңгейінде болуы мүмкін.

Дегенмен сарапшылар доллардың 500 теңгеге жету ықтималдығын жоққа шығармайды. Мұндай деңгейге 2027 жылдың жекелеген айларында пессимистік сценарий аясында қол жеткізілуі мүмкін.