Қайтыс болған адамның салық берешегі мұрагерлеріне жүктелуі мүмкін. Алайда олар қарызды тек мұраға алған мүліктің құны шегінде және мұрадағы өз үлесіне сәйкес өтейді.
Егер мұраға қалған мүліктің құны салық берешегін толық өтеуге жетпесе, қалған қарыз есептен шығарылады. Ол үшін салық органы мүліктің жеткіліксіздігі туралы заңды күшіне енген сот актісіне сүйенеді.
Мұрагерлер болмаған жағдайда не болады?
Егер мұрагерлер болмаса немесе олардың барлығы мұрадан бас тартып, марқұмның мүлкі коммуналдық меншікке берілсе, салық берешегі есептен шығарылады. Бұл шешім мүлікті иесіз қалған мұра деп тану туралы заңды күшіне енген сот актісі негізінде қабылданады.
Балаларға қатысты қандай ерекшелік бар?
Егер қайтыс болған адамның мұрагері ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала немесе жетім бала болса, оның салық берешегін өтеу тәртібі ерекше реттеледі.
Егер марқұм жеке кәсіпкер ретінде немесе жеке практикамен айналысатын тұлға ретінде тіркелмеген болса, мұрагер бала салық берешегін өтеуден босатылады. Мұндай жағдайда берешек есептен шығарылады.
Ал марқұм жеке кәсіпкер немесе жеке практикамен айналысатын тұлға ретінде тіркелген болса, баланың салық берешегін өтеу міндеті тек заңды күшіне енген сот актісі негізінде жүктеледі.
Марқұм тірі деп танылса, берешек қайта есептеле ме?
Егер соттың адамды қайтыс болды деп жариялау туралы шешімі күшін жойса, бұрын есептен шығарылған салық берешегі қайта қалпына келтіріледі. Бұл талап талап қою мерзіміне қарамастан қолданылады.