Қандай әйелдерге декреттік төлем берілмейді?

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда бала күтіміне байланысты мемлекеттік төлемдерді тағайындау тәртібі өзгереді. Жұмыс істейтін әйелдер декреттік төлемдерді бұрынғыдай ала береді. Ал жұмыс істемейтін әйелдердің бір бөлігі бұл көмектен айырылуы мүмкін. Бұл туралы Құрылтай депутаты Ләззат Қожахмет мәлімдеді.

Жұмыс істейтін әйелдер төлемді ала береді

Депутаттың айтуынша, бала босанғанға дейін жұмыс істеп, өзі үшін әлеуметтік аударымдар жасалған әйелдерге төленетін декреттік төлемдерге отбасының табыс деңгейі әсер етпейді.

Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры жұмыс істеген кезеңдегі табысына қарай бала 1,5 жасқа толғанға дейін бұрынғы жалақысының 40%-ы мөлшерінде ай сайынғы төлем жасауды жалғастырады.

Жұмыс істемейтін әйелдерге қандай талап қойылады?

Үй шаруасымен айналысып, жұмыс істемеген әйелдер 2027 жылдан бастап бала күтіміне байланысты төлемді тек отбасы мұқтаж деп танылған жағдайда ғана ала алады.

Егер әйел еңбекке қабілетті болса, денсаулығында мәселе болмаса және отбасының табысы жеткілікті деп танылса, оған бұл төлем берілмеуі мүмкін.

Депутаттың мәліметінше, қазір Қазақстанда осы санаттарға жататын 11 мың әйел бала күтіміне байланысты төлем алып отыр. Жаңа тәртіп күшіне енгенде, олардың бір бөлігі мемлекеттік көмектен айырылуы ықтимал.

Ер адамдарға да өзгеріс бар

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ер адамдар бала 1,5 жасқа толғанға дейін берілетін бала күтімі жөніндегі жәрдемақыны ала алмайды.

Бұған дейін Қазақстанда 2027 жылдан бастап бала тууға байланысты төлемдерді, асыраушысынан айырылу және мүгедектік бойынша жәрдемақыларды қоса алғанда, мемлекеттік төлемдердің 10 түріне мұқтаждық критерийлерін енгізу жоспарланғаны хабарланған болатын. Соған сәйкес, отбасының табысы жеткілікті болса, мемлекеттік көмек тағайындалмауы мүмкін.